Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Наурыз мерекесіне орай, сурет көрмесі ашылды

17.03.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Наурыз мейрамына арналған «Жаңа Қазақстан: қоғамды ұйыстыратын құндылықтар» атты мерекелік бағдарлама аясында суретшілер мен фотографтар көрмесі ашылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп атап өткен болатын.

2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасын әзірледі.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ҚазҰУ Баспасөз қызметі ұйымдастырған сурет көрмесі жаңа Тұжырымдаманы қамти отырып, Наурыз мейрамының маңыздылығын, қолөнер шеберлерінің, суретшілердің, фотограф-оқытушылардың зияткерлік-шығармашылық әлеуетін арттыруды көздейді.

Көрмеде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Көркемсурет академиясының президенті Амандос Ақанаев, Көркемсурет академиясының академигі Нэлли Бубэ, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Алпысбай Қазығұлов, Ахмет Ахат, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Тоққожа Қожағұл, «Бабалар аманаты» жобасының жетекшісі Қанағат Көдеков сынды   қазақстандық танымал қолөнер шеберлері мен суретшілер, университеттің фотограф-оқытушыларының туындылары қойылған.

Көрменің мақсаты – студенттерге Наурыздың мәнін түсіндіру, аға буын мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы, отандық суретшілердің шығармашылығын насихаттау.

Көрме жұмысы бір айға жалғасады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі