Жаңалықтар

ҚазҰУ Наурыз мерекесін жаңа форматта атап өтті

19.03.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлыстың ұлы күні жаңа форматта атап өтті. «Жаңа Қазақстан: Қоғамды ұйыстыратын құндылықтар» мерекелік бағдарламасының мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мейрамын атап өту және оның маңыздылығын арттыру тапсырмасын жүзеге асыру. 

Қазақстан Президенті Қ.К.ТОҚАЕВ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп атап өткен болатын.

Осыған сәйкес, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткен жылы Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасын әзірлеп, көпшілікке ұсынды.

Жаңа тұжырымдаманы қамтыған іс-шарада қазақстандық танымал суретшілер мен қолөнер шеберлерінің,  университет фотограф-оқытушылары мен студенттерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар түрлі баспалар жаңа өнімдерін ұсынып, Наурыз мерекесінің әлем елдерінде тойлану үрдістері таныстырылды.

Оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жиылғандарды мерекелік шара бағдарламасымен таныстырып, жаңа форматтың халықты біріктірудегі маңызына тоқталды.

Арнайы шақырылған қонақтар қатарында Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері мен консулдар, ғалыми-шығармашылық қауым, суретшілер мен  БАҚ өкілдері бар.

Арнайы тігілген киіз үйлер мен шатырларда көпшілікке наурыз көже, бауырсақ, палау таратылып, тұсаукесер, бата беру сияқты ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, қазақша күрес, тоғыз құмалақ, дойбы, қол күрес және басқа спорттық ойындар  тарту етілді. 

Наурыз мерекесі оқытушы-студенттер қатысуымен барлық жатақханада да атап өтіліп, соңы жастар биімен аяқталды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі