- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Сайлауға алғаш рет қатысқан студенттер өз әсерімен бөлісті
19.03.2023Әлихан ЕСҚАРА, заң факультетінің 1-курс студенті:
– Сайлауға алғаш рет қатысқанның әсері қызық. Бірінші рет қатысқаным үшін сыйлық берді және әр партиядан бақылаушылар отырды, барлығы жақсы көңіл күймен қарсы алып, қалай дауыс беруді үйретті. Мен бірінші рет сайлауға қатысқаным үшін сайлау арқылы еліміздің демократиялық жағдайы көрінетініне көзім жетті. Сайлау әділетті түрде өтті деп ойлаймын және болашақта барлық сайлауға қатысып, өз таңдауымды әрқашан жасаймын.
Олжас МИЗАМОВ, Философия кафедрасының 1-курс студенті:
– Бүгін азаматтық міндетімді орындау үшін университетіміздегі №568 сайлау учаскесінде өзіме ұнаған кандидаттарға дауыс бердім. Өйткені осы уақытқа дейін кандидаттардың бағдарламаларымен толық танысқан едім. Таңдау оңайға соққан жоқ. Өйткені біз жаңа Қазақстанды құруымыз керек. Ал ол – әркімнің өз қолында. Біз таңдауымызды жасадық. Соған сенеміз!
Хамза БЕРДЕН, журналистика факультетінің 1-курс студенті:
– 2023 жылдың 19 наурызы Қазақстан халқы мен болашағы үшін аса маңызды айтулы күн. Дәл осы күні, яғни бүгін біз Мәжіліс депутаты мен мәслихат депутаттарын сайлап дауыс бердік. Өзге сайлаулардан бұл сайлаудың ерекшелігі – кандидаттардың легі жастар екенін көре аламыз. Бәсекелестіктің жоғары екенін, сонымен қатар халық қолдауына ие белсенді азаматтардың осы сайлауда төбе көрсеткенін байқадық. Осы сайлауда мен де алғаш рет дауыс бердім. Еліміздің жарқын болашағы үшін өзімнің азаматтық борышымды атқардым деп санаймын. Алғашқы дауыс беруім болғандықтан, әл-Фараби атамыздың кітабын сыйға алдым.
Тамерлан БАҚЫТЖАН, заң факультетінің 1-курс студенті:
– Мен сайлауға белсенді қатысып, өз дауысымды бердім. Шыны керек, өте ерекше сезімде болдым. Себебі елімнің болашағына әсер ете алатын азамат болып өскеніме көзім жетті. Өзім заң факультетінде оқыған соң, сайлаудың қалай өтетіні, қандай атмосфера беретіні мен үшін өте қызықты болды.
Менің ойымша, сайлау болған уақытта әрбір азаматтың белсенділік танытқаны дұрыс. Себебі мемлекеттің болашағы деген секілді өте үлкен мәселелер әрбір азаматтың қолында деп білемін. Қазақстан Республикасының жас азаматы ретінде сайлауда ең лайықты партия жеңгенін тілеймін.
Нуризат ЖАУШБАЙ, Философия кафедрасының 1-курс студенті:
– Биылғы сайлау мен үшін екі бірдей сәтпен есте қалды. Біріншіден, Алматы қаласындағы Әуезов ауданының №170 сайлау учаскесінде тәуелсіз сарапшы болдым. Екіншіден, үзіліс кезінде университеттегі №568 сайлау учаскесіне барып, өз дауысымды беріп қайттым. Бұл Қазақстан Республикасының азаматшасы ретіндегі маңызды қадамдарымның бірі болғанына сенемін.
Сайлаудың әділ өтуіне өз үлесімді қостым. Сайлау барысында барлығы жоғары деңгейде болды. Кәмелеттік жасқа толған қыз-жігіттерімізден еңкейген қарияларымызға дейін келіп, өз дауыстарын берді. Еліміздің болашағына алаңдайтын халықтың болғаны қандай керемет! Сайлау өте әділ өтті.
Әмина КУШБАЕВА, заң факультетінің 1-курс студенті:
– Осы жылы 18-ге толғандықтан, толық әрекет қабілеттілікке ие болдым және сайлауға қатысуға құқылы болдым. Парламент және мәслихат сайлауына алғаш рет қатыстым. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Сайлауға қатысу әрбір азаматтың міндеті деп есептеймін. Осы сайлаудан кейін билікке әділ көшбасшылар келіп, мемлекетіміз көркейеді деген үміттемін.
Айнұр АНЛАМАСОВА, журналистика факультетінің 1-курс студенті:
– Сайлауға алғаш рет қатысып отырмын. ҚР азаматы ретінде сайлау кезінде белсенділік танытып, саяси өмірге қадам басуым – маңызды іс. Сайлауға барып, өз дауысымды берген сәтте жауапкершілікті сезіндім. Себебі менің дауысым болашағымыздың жарқын бейнесінің кепілі деп білемін. Сайлау барынша әділетті өтті деп ойлаймын. Еліміздің басқа да жастарын сайлау науқанында әрқашан белсенді болуға шақырамын. Әрбір кәмелетке толған жас өз құқықтарын орнымен пайдалана білсе, жаңа қоғам сол кезде құрылады деп білемін.