Жаңалықтар

Қаржыгер банк саласындағы тәжірибесімен бөлісті

24.03.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде саясаткер, экономист, ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Қадыржан Дамитов көшбасшылық дәріс оқыды.

Іс-шараға көрнекті ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.

Көшбасшылық дәрісті Басқарма мүшесі – қаржылық қызмет жөніндегі проректор Қалилла Абдуллаев құттықтау сөзбен ашып, Қадыржан Дамитовтың еңбек жолына тоқталды. Қадыржан Қабдошұлы ҚР экономика және сауда вице-министрі, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, ҚР Ұлттық банк төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарды. Сондай-ақ өз сөзінде проректор құрметті мейманның банк саласында зор тәжірибесі бар екенін атап өтті. Қадыржан Қабдошұлы «Alem Bank Kazakhstan», «Альянс Банк», «Қазақстан қор биржасы», «БТА Банк», «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» және т.б. құрылымдарда басшылық қызмет етті.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. «Қазақстанның қаржы жүйесі және уақыттың жаңа сын-қатерлері: геосаясат және технологиялық өзгерістер» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісінде спикер жұмыс уақытындағы қызықты оқиғаларымен бөлісті.

«Биыл біз теңгенің 30 жылдығын атап өтеміз. Еңбек жолымда Қазақстанның Ұлттық банкінде жұмыс істеу кезеңі ең қиын кезеңдердің бірі ретінде есімде қалды. Кәсіби және көшбасшы ретінде мен сол жерде көп тәжірибе жинадым. Күн сайын күрделі мәселелерді шешуге тура келді. Сол уақыттарда білім мен кәсібиліктің арқасында дұрыс шешімдерді қабылдадық», – деді спикер өз сөзінде.

Қадыржан Қабдошұлы өз сөзінде білім экономикасын, жасанды интеллектіні дамыту жағдайында студенттердің білімдерімен қатар, сыни, шығармашылық, жүйелі ойлауын дамыту өте маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның қазіргі қаржы жүйесінің мәселелеріне назар аударып, уақыттың жаңа сын-қатерлерін атап өтті.

Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі