Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Заңнама және құқықтық саясат ғылыми-зерттеу орталығы құрылады

29.03.2023

Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы іссапармен келді.

Вице-министр ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесуге сондай-ақ ректордың кеңесшісі, заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов, заң факультетінің деканы, профессор Дәулет Байділдинов, Ғылым департаментінің директоры Еркін Кәкімжанов қатысты.  

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Әділет министрлігі арасында конституциялық, әкімшілік және әкімшілік іс жүргізу, азаматтық және қылмыстық іс жүргізу құқығы бағыттары бойынша бірлескен іргелі ғылыми әзірлемелер жүргізу мақсатындағы ынтымақтастықты кеңейту барысы сөз болды.

Аталған бағыттарды іске асыру аясында ҚазҰУ базасында Заңнама және құқықтық саясат ғылыми-зерттеу орталығын құру ұсынылды. Онда ҚазҰУ-дың үздік мамандары мен құқықтану саласындағы жетекші ғылыми кадрларды шоғырландыру жоспарлануда.

Ректор Жансейіт Түймебаев шараны қорытындылай келе, университет еліміздің қолданыстағы заңнамасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

ҚазҰУ бүгінде заң ғылымы мен тәжірибесін дамытуда елімізде алдыңғы қатарда тұрған жоғары оқу орны.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі