Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспа үйі Ш.Уәлиханов алаңында өткен дәстүрлі «Алматы кітап жәрмеңкесіне» қатысты.
Жәрмеңке аясында университеттің баспа үйі жаңа шыққан кітаптардың таныстырылымын өткізіп, оқырманға ғылыми, әдеби, оқу-әдістемелік оқулықтар, оқу орны ғалымдарының монографияларын және басқа да өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар көрмеде көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі жанрдағы басылымдар қойылды.
«Қазақ университеті» баспа үйі – еліміздегі баспа саласының үздігі. Ол ұзақ жылдар бойы университетті кітап және полиграфиялық өнімдермен қамтамасыз етіп келеді. Баспа тек кітаптар ғана емес, сонымен қатар ғылыми журналдар шығарады. Журналдар ЖАК ұсынған жетекші рецензияланған ғылыми журналдар мен басылымдардың тізіміне кіреді. Оған, ең алдымен, «ҚазҰУ хабаршысының» 16 сериясы жатады.
Алматы кітап көрме-жәрмеңкесінің мақсаты – баспа мекемелері мен кітап дүкендерінің саудасын жандандыру, кітап нарығындағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне үлес қосып, кітап мәдениетінің дамуына серпін беру, оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайту.
Ауқымды мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы және Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар ассоциациясы ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі