- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жаңа Мәжіліске жаңа міндет жүктелді
04.04.2023Парламент палаталары жаңа құрамының бірлескен отырысын ашқан Президент елдің алдында тұрған жаңа міндеттерді айқындады. Бұл міндет Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазіргі уақытта елімізде жүргізіліп жатқан саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы іске асырылуға тиіс. Реформалар Мемлекет басшысы қалыптастырған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген.
Президент атап өткендей, ықпалды Парламент мемлекеттік биліктің заң шығарушы тармағы бола отырып, жаңа Қазақстанды әділ мемлекет ретінде құру жолында аса маңызды функцияны атқаруға тиіс және «бұл қағида біздің мемлекетіміздің басты темірқазығы болып табылады».
Қазірдің өзінде жүргізілген реформаларды талдай келе, Президент «Референдумды қосқанда, бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті», деді.
Расында, 2022 жылы 16 наурыздағы Жолдаудан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде азаматтарымыздың Жаңа Қазақстанға әділ мемлекет ретінде сенгені анық байқалады. Азаматтар бұл кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан шындық екенін түсінді.
Мұның дәлелі – бір жағынан, мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғам институттарын қоса алғанда, еліміздің барлық дерлік өмір салаларына әсер еткен демократияландырудың қайтымсыз үдерісі. Екінші жағынан, Мемлекет басшысы демократия, ең алдымен, заңның диктатурасы екенін терең түсінеді. Сондықтан елдегі заңдылық режімін күшейту және нығайту демократиялық қайта құрулармен қатар жүріп қана қоймай, олардың жүзеге асырылуын және саясат, экономика, әлеуметтік салаларда тәжірибе түрінде іске асырылуын қамтамасыз етуі керек.
Мемлекет басшысының аталған Жолдауында ақшалай қаражат пен жер учаскелерін қоса алғанда, заңсыз сатып алынған меншікті мемлекетке қайтару бойынша белгілеген іс-шаралары сөзімізге мысал бола алады. Бұл үдеріс азаматтарымыздың билікке деген сенімін және кейінгі онжылдықтарда айтарлықтай жоғалған заңға, әділеттілікке деген сенімін қалпына келтіруге ықпал етеді.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы конституциялық реформа саяси жүйені тұтастай, оның ішінде сайлау жүйесін демократияландыру үшін жағдай жасағанын атап өтті. Реформа қоғамды демократияландыру бағытының мызғымастығын көрсетті. Парламент Мәжілісі депутаттарының 30 пайызы бірмандатты округтер бойынша сайланды. Бұл өз кезегінде олардың императивті мандат алуын білдіреді. Оның мәні – өз сайлаушыларының алдында тікелей жауапкершіліктің туындауы, олар сайланған депутатты өз сайлаушыларының тапсырмасын, депутаттық міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда кері қайтарып алу құқығын алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымның I сессиясында Парламент депутаттарына үндеуінде Мәжіліс үшін де, жалпы Парламент үшін де сегіз басымдықты белгіледі. Әрине, барлық басымдықтың мемлекеттік маңызы зор және оларда белгіленген мәселелер мен міндеттерді шешу айқындалған және қазірдің өзінде іске асырылып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформаларды іске асыруға бағытталады.
Алайда экономика және бизнеспен қатар, одан әрі қарқынды дамуға тиіс әлеуметтік саланы қозғайтын мәселелер шеңберіне назар аударған жөн. Өйткені қарапайым адам, оның әлеуметтік қорғалуы, рухани-адамгершілік дамуына жағдай жасау мен денсаулығы барлық мемлекеттік институттың қызметінде басымдыққа айналуға тиіс. Мемлекет басшысының пікірінше, дәл осы жерде Конституциямыздың 1-бабы 1-бөлігінде бекітілгендей, Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік негізі жатыр. Өйткені әлеуметтік мемлекетте адам, оның құқықтары мен бостандықтары, оның әл-ауқаты мен әлеуметтік қорғалуы мемлекеттік және қоғамдық мүдделерден жоғары тұрады.
Сондықтан Парламент Мәжілісінің жаңа құрамының заңнамалық қызметіндегі басты басым бағыттардың бірі қарапайым халыққа, демек, қатардағы қазақстандыққа мемлекет тарапынан қамқорлық танытатын сапалы заңдар қабылдануға тиіс. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы: «Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі Қазақстанның басты байлығы – адам», деген болатын.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы әлеуметтік қорғалмаған азаматтарды қолдау да негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. «Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс». Шынында да, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Жарты миллионнан аса көпбалалы отбасы арнайы жәрдемақы алады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз үндеуінде жаңадан сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының назарын білім беру, денсаулық сақтау және саламатты өмір салтын насихаттау, спорт пен мәдениетті одан әрі дамыту саласындағы мәселелерді заңнамалық тәртіппен шешудің өзектілігі мен қажеттілігіне аударғанын атап өткен жөн.
Үндеуде айтылған еліміздегі білім жүйесін одан әрі қарқынды дамыту мен жетілдіруге байланысты мәселелер де ерекше назарға алынуға тиіс.
Мемлекеттің басты байлығы мен игілігі табиғи ресурстар (мұнай, газ, уран және т.б.) емес екенін алға тарта отырып, ел Президенті «Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті», деп атап өтті.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының назарында білім берудің барлық сатысы – мектепке дейінгі, мектеп және жоғары оқу орындары бар екенін айтқан жөн. Сонымен қатар үндеуде «Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек» деп «педагог» – ұстаз мәртебесі кезекті рет көтерілді.
Бұл жерде сапаны арттыру тек білім беру ұйымдары үшін ғана емес, сонымен бірге биліктің заң шығарушы тармағы үшін де басты басымдық екеніне назар аударған абзал. Өйткені бүкіл білім жүйесі осы саланы реттейтін және оны дамытудың нормативтік негіздерін анықтайтын нормативтік-құқықтық актілерге негізделген.
Студенттер мен магистранттардың білім сапасы негізінен мектеп түлектерінің білім сапасына байланысты екені аксиома дейтіндей-ақ айғақ. Осы фактор отандық ғылымның сапасына тікелей әсер етеді. Ғылым өз кезегінде елімізде жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға бағытталуы керек. Бұл экономиканы әртараптандыруға айтарлықтай әсер етеді. Өйткені дамыған экономика егемендігіміздің кепілі.
Парламент Мәжілісінің жаңадан сайланған депутаттық корпусына арналған Президенттің тұжырымдамалы сөзін биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент қызметінде таяудағы бес жылға арналған көпвекторлы бағдарлар мен басымдықтарды қамтитын бағдарламалық құжат деп қабылдаймыз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор