Жаңалықтар

Мереке халықтық сипат алуы тиіс

23.03.2023

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтудің қазіргі үлгісі бұрынғы мағынасынан біраз өзгерген. Дегенмен бұл мейрам елімізді мекен еткен орыс, украин, неміс, тағы басқа да түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ мерекесіне айналғаны анық. Ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында бұл күндері қайырымдылық шаралары, ағаш отырғызу акциялары өтеді. Кейінгі жылдары ара-тұра болса да, Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп бара жатқаны туралы сыни пікірлер айтылып қалатын. Биыл мерекелік шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жасалған Наурыз мейрамын мерекелеудің тұжырымдасы бойынша өткізілді. Университет оқытушы-профессорларынан алдағы уақытта мерекені барынша мазмұнды өткізу үшін қандай ұсыныстары бар екенін сұрап білген едік.

 

Болат ӘБЕНОВ, Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі:

– Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасына байланысты зиялы қауым мекені – ҚазҰУ аясында «Зияткерлік күнін» атап өтуге қатысты ой айтқым келеді.

Бұл күні жастардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында ғылыми кітапханада, жастар орталықтары мен білім беру аудиторияларында студенттер арасында байқаулар, зияткерлік сайыстар және толағай табысқа жеткен ұлағатты ұстаздар мен ізденуші-ғалымдардың, еңбек адамдарының, кәсіпкерлердің, түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылуы қажет. Студенттер apacындa тарихымызды, көнe әдeт-ғұpыптapды зepттeп, дaмыту мaқcaтындa oлapды қaзipгi зaмaнғa caй жaңғыpтуғa бaғыттaлғaн ғылыми-зepттeу жұмыcтapы мeн пiкipтaлac (дeбaт) caйыcтapын ұйымдacтыpу әдетке айналса...

Әл-Фараби кітапханасының оқу залдарында зиялы қауым өкілдерінің жаңа ғылыми еңбектерінің, классик және заманауи танымал ақын-жазушылар шығармаларының таныстырылымдарын ұйымдастырып отыру шаралары да студенттердің кәсіби білікті­лігін дамытудың ғана емес, жастар­дың ұлттық сана-сезімін, отансүйгіштігін, азаматтығы мен әлеу­меттік жауапкершілігін қалып­тас­ты­рудың әдістерін дамытары анық. 

Бұл, бірінші кезекте, жас­тар­дың тәуелсіздік, жалпыұлттық келісім, ұлттық бірлік, төзімділік сияқты Қазақстан қоғамының басты құндылықтарын саналы ұғынуына үлкен оң әсер етері дау тудырмайды. Өскелең ұрпақты ұлы бабалары­мыз­дың өнегелі істеріне баулу, қазақ халқының көрнекті тұлғаларын зерделеуге машықтандыру оларды өз елі, ұлы тарихы мен оны жасаған тұлғалары үшін мақтаныш сезіміне тәрбиелейді.

 

Бибізия ҚАЛШАБАЕВА, тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессор м.а., т.ғ.д.:

– Жаңа Қазақстан жағдайындағы еліміздің Наурыз мейрамы биыл 14-23 наурыз аралығында тойланды. Осыған байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де оқытушы-студенттер арасында мерекенің маңызы мен мәніне ерекше көңіл бөлді. Мен алдағы уақытта осы он күннің бірін «Бірлік пен келісім, қайырымдылық пен ізгілік мерекесі» ретінде белгілесе дұрыс дер едім.

Наурыз мерекесі қарсаңында халқымыз тек өз басын ғана емес, үй-жайын, қора-қопсы, көшесіне дейін тазартып, «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» десіп, құдық, бұлақ, бастау, арық, атызды тазартып, егілген шыбыққа, шыққан көкке ақ бүркеп, «құтаю» рәсімін жасайды. Осы күннен бастап тал егу, егін салу, үй көтеру т.с.с. тіршілік қырық күнге дейін жалғасатын болған. Олай болса, Наурыз мерекесі қарсаңында еңбек мерекесін жариялап, жастарды ҚазҰУ қалашығы маңайын, ғимараттар, факультет, кафедра іші-сыртын таза ұстауға баулып, тазалық, әрлендіруге байланысты факультеттер арасында сайыстар ұйымдастырып, оның нәтижесін студенттер арасында жариялап отырсақ, бұл шара олардың оқып жатқан білім ордасына өз үйіндей қарауына сеп болар еді.

Наурыз тойының жастарға беретін тәлім-тәрбиесінің тағы бір қыры – имандылық, кешірім, мейірім, қайырымдылық, кеңшілік. Осы күні ата-бабамыз жалпы рухани да жаңғыруды мақсұт еткен. Дана халқымыздың осындай қасиеттерін жастардың бойына дарыта білуіміз керек. Ол үшін Наурыз қарсаңында факультет жастары мен оқытушылары балалар үйі мен қарттар үйіне қамқорлық көрсетіп, материалдық көмек бермесе де, моральдық көмек көрсетуіміз керек. Онан кейін жағдайы не денсаулығы жоқ университет ардагерлері болса, оларға да көмек қолын созсақ құба-құп.

Осы күндері жастар арасында білім, өнер сайысын өткізген жөн. Сайыс нәтижелерін қорытынды жиында айтса, ол да студенттердің қызығушылығын арттырады деп ойлаймын.

Айбек ИБРАИМҚҰЛОВ, ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушысы:

Наурыз мерекесін атап өтудің осы жаңа тұжырымдасы өскелең ұрпақ үшін айрықша орны бар. Өйткені жоғарыда аталған арнайы мерекелік күндер жаңа ғасырдың жаңашыл жастарына беретін тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық және мәрт-жомарттық белгілері бар. Өз дәстүрін, түп тамырын, әдет-ғұрыптарын, тарихы мен мәдениетін білу және оны ұрпақтан-ұрпаққа еш бұрмаламай жеткізу әрбір текті қазақтың бойында болуы қажет деп саналатын асыл қасиеттер. Осы аталған күндер қоғамдағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты арттыруға, дәстүрлер сабақтастығын дәріптеуге, отбасындағы, әулеттегі құндылықты өркендетуге, тарихымыздағы салихалы амалдарға сара жол салып кеткен асыл тұлғаларды еске алуға, жөн-жоралғыны мирас етіп қалдыруға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан да Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қоғамға асыл тастай жарқырап, күн нұрындай шуағын шашып, ел ынтымағын арттыру мақсатында енетін болса, тәуелсіз еліміздің тұғырлы тұрғындары тамаша қарсы алатыны айдан анық.

Меруерт ЕГІЗБАЕВА, тарих факультетінің қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.:

– Наурыз мерекесі – қазақ үшін ескінің кетіп, жаңаның келгені, қыстай көріспеген ағайынның қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен қауышуы. Өкпе-реніштің ұмытылып, ренжіскен адамдардың татуласып, ақтың қараны жеңген күні, «ақ түйенің қарны жарылған күн». Сол себепті қазіргі күні қазақтың ұмыт болып бара жатқан салттары мен өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор дәстүрлерімізді дәріптеу, көпшілікке насихаттауда Наурыз мерекесін өткізудің мәні зор деп білемін. Осыған орай, Наурыз мерекесін тойлауды дәстүрлі мәдениетіміздің ұмыт болған тұстарын насихаттау үшін барынша пайдалану керек деген ойдамын.  

Атап айтар болсақ, Наурыз мерекесін тойлау барысында балалар бойына ұлттық дәстүрімізді, тәрбиені сіңіру мақсатында оларға арнап ұмыт болған ойындарды ұйымдастырса... Мысалы, «Ұшты ма?», «Ақ серек пен көк серек», «Соқыртеке» т.б. Ұмыт болған ұлттық тағамдарды пісіріп, көрсететін мастер-кластар өткізілсе... Мысалы, «қарма қару», «қорықтық», «қарын көмбе» т.б. Сондай-ақ жеті атасын тарата білу, туыстық атаулар, ат тергеу сияқты тақырыптарға сұрақ-жауап конкурстары ұйымдастырылса деймін.

 

Құрметқан ТҰРДЫБЕК, Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы:

Наурыз мейрамына жаңа рең беруде ең алдымен Қазақ елінің азаматтары ұлтына, діни көзқарасына қарамастан, біртұтас тойлайтын береке мен бірліктің символына айналдыра білу керек. Одан кейін жас ұрпаққа ұлттың құндылығын, ұлттық кодты жеткізе білуіміз тиіс. Сондықтан балдырғандар Наурыздың сәні мен мағынасына айналғаны жөн. Наурыздың қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіре білу маңызды. Мектепте, болмаса алаңда балаға наурызкөже берумен шектелмей, мереке бала санасына сіңімді болып, балдырғандарды неғұрлым көп қызықтыратындай болуы керек. Қыдыр ата Аяз атаның деңгейіне көтеріліп, балаларды қызықтыратын түрлі ойындар қойып, балалар арасында қызықты конкурстар өткізген абзал. Әсіресе асық, тоғызқұмалақ, хан дойбы сияқты ұлттық ойындарды балалар арасында кең көлемде насихаттап, мерекелік көңіл күй сыйлап, балалар ортасын қуанышқа бөлеген жөн. 

Наурыз ежелден-ақ қазақ даласында береке мен бірліктің ұйытқысы болған. Алдағы уақытта да жаңарып, заманға сай жаңа мазмұндармен толығып, елдіктің жырын жырлар мерекеге айнала берері анық. Сан ғасырлық парасат пен еңбектің нәтижесінде қалыптасып, сүзгіден өткен жақсы дәстүр – ұлт пен ұлыстың жарқын болашағының кепілі.

Гүлзат Табын