- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ЖОБАЛАРДЫ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ МАҢЫЗДЫ
28.03.2023Ақпараттық технологиялар факультетінде студенттер мен ізденушілердің кәсіби бағытын арттыру мақсатында және олардың болашақ мамандықтары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беретін бірқатар нақты шаралар қолға алынуда.
Осыдан екі жыл бұрын т.ғ.д., профессор, ҚР ҰИА академигі Еділхан Әмірғалиев пен ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, ф-м.ғ.к., доцент Байдәулет Урмашевтің өзара келісімімен Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының «Жасанды интеллект және робототехника» лабораториясының филиалы ашылды. Негізгі мақсат – ақпараттық коммуникациялық технологияларға қатысты соңғы ғылыми жаңалықтар мен зерттеулерді жан-жақты қарастыра отырып, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Қазір бұл филиалда үш докторант, үш магистрант және 10-нан аса бакалавр студенттері зерттеу жұмысымен айналысуда. Олар түрлі ғылыми жобалар, яғни: «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар», «Ғарыштық және геодинамикалық процестерді болжау және бақылау», «Биоинформатика» және «Робототехника» саласына қатысты ғылыми жобалар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарына Е.Әмірғалиев шәкірттері жетекшілік етуде. Бір айта кетерлігі, осы уақыт арасында бірқатар жетістіктерге қол жетті. Мәселен, 2021 жылы ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін» атты студент жастардың IX республикалық форумында «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан үлесім» деген студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар бойынша II орынға ие болғаны үшін Даулетия Данияр және Жасұзақ Мұхтар марапатталды.
Ал 2022 жылы Open Space ұйымдастыруымен жоғары технологиялардың инновациялық конкурсына қатысып, Даулетия Данияр және Жасұзақ Мұхтар финалист атанды. Сондай-ақ өткен жылы лаборатория ғылыми қызметкері, магистрант Дәулетия Данияр «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында «Ауыл шаруашылығына қызмет көрсетуге арналған машиналық көру негізіндегі мобильді роботты әзірлеу» атты зерттеу жұмысы үшін «Ғылым» бағытында жеңімпаздар қатарынан көрінді. 1-курс докторанты Айнұр Ерқос TU Dresden (Германия) және Жапониядағы зерттеушілермен бірігіп биоинформатика бағытында коллаборациялық жұмыстар жүргізуде. Екі жыл ішінде жасалған ғылыми жұмыстардың нәтижелері бойынша халықаралық конференциялардың баяндамалар жинағында бес баяндама және Scopus халықаралық базасындағы журналдарда бес мақала жарияланды. Сонымен қатар ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдарда жеті мақала жарияланды. Бес авторлық құқық арқылы қорғалатын объектілер бар.
Бүгінгі таңда ізденушілер ғылыми-зерттеу бағытынан бөлек, түрлі стартап идеяларды іске асыруда. Өйткені отандық өнімге айқын басымдық беріліп отырған тұста осындай мүмкіндікті пайдаланып, оны коммерциализациялау бағыттарын қарастыру маңызды. Болашақта зерттеу нысандарының аймағын барынша кеңейту жоспарлануда.
Жолдас БӨРІБАЕВ,
PhD, доцент м.а.