Жаңалықтар

ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ

28-нау-23

Қазақстан жоғары оқу орындарының флагманы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 47 жыл табан аудармай еңбек еткен ұлағатты ұстаз, ақын, тәлімгер-тәрбиеші, Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан журналистер одағының, «Қазақстан ұстаздары», «Қазақстан авторлары» қоғамдарының мүшесі Болат Әбенов бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Болат Құсайынұлы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Тасарал ауылында 1953 жылы дүниеге келген. 1970 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, сол кездегі ұлттық кадрларды орталық жоғары оқу орындарында даярлау саясатына сәйкес, Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінің физика факультетіне жіберіледі. 1970-75 жылдары сол жақта оқып, «Физика» мамандығы мен заманауи «Автоматтандырылған басқару жүйелері (АБЖ) және электрондық есептеуіш машиналарын математикалық жабдықтау» мамандығы бойынша білім алып шығады. 1975 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың АБЖ зертханасына инженер лауазымына қызметке қабылданды. Осы жүйені бастапқы құрушылардың бірі Болат Құсайынұлы АБЖ ішкі жүйелерін жасау және пайдалану бюросының бастығы қызметіне дейін көтерілді.

Біліктілігі мен өндірістік мол тәжірибесінің, іскерлігінің арқасында 1985 жылы жастайынан армандаған ұстаздық жұмысқа ауысып, университеттің Басқару теориясы кафедрасына аға оқытушы болды. Содан бері осы сала бойынша жастарға сапалы білім беріп келеді. Құрылымдық өзгерістерге байланысты Басқару теориясы, ЭЕМ мен кибернетиканы математикалық жабдықтау, Информатика, Дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедраларының аға оқытушысы, университеттің инспекция (оқу бөлімі) бастығы, екі рет – механика-математика факультеті деканының орынбасары, көп жылдар Ақпараттық жүйелер кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Бүгінде осы кафедраның аға оқытушысы.

Болат Құсайынұлы зейнеткерлікке шыққанға дейін жауапты орындаушы ретінде ғылыми жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Қазір де үзбей халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық және оқу-әдістемелік конференцияларға қатысып тұрады. Басқарудың математикалық теориясы мен информатика және есептеу техникасын қолдану саласы бойынша 100-ге жуық ғылыми жұмыс жариялаған, қазақтілді орта мектептердің 5-ші, 6-шы, 8-ші және 11-сынып оқушыларына арналған «Информатика» оқулығы мен осы пән бойынша жазылған әдістемелік құралдар авторларының бірі.

Болат Құсайынұлы ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және аймақтық қабылдау комиссиясының білікті мүшесі болып, озат студенттер топтарын құруға мол үлес қосқан әдіскер. ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағы комитетінің тұрғын үй-тұрмыстық комиссиясын басқара жүріп, осы оқу орнының 85 оқытушы-профессорлары мен қызметкерлерінің құжаттарын реттеп, «Отырар» жастар тұрғын үй кешені арқылы заманауи кең, жарқын пәтерлер алуына көп тер төгіп, әріптестерінің алғысына бөленген жан. Болат Құсайынұлы бос уақытында домбыраға қосылып және фортепианоның сүйемелдеуімен ән айтқанды жақсы көреді, поэзиямен айналысады, өлеңдері мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. 2019 жылы «Тасаралым – тағдырым» атты көлемді жыр жинағы жарық көрді.

Ұлағатты ұстаз Болат Әбеновтің ұзақ жылғы табанды ғылыми-педагогтік еңбегі еленіп, «Қазақстан ұстаздары» қоғамы бекіткен «Қазақстан ғалымы», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығы», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Жану проблемалары ҒЗИ 25 жылдығы», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен магистранттары «Сұңқар» кәсіби одағының 20 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, қоғамдық қызметі үшін КСРО Жоғары білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мақтау қағазымен марапатталған. Бір өнертапқыштық авторлық куәліктің иесі. Биыл да Болат Құсайынұлы үшін табысты жалғасуда. Ардагер ұстаз әкімшіліктің қолдауымен ҚазҰУ-дағы ең жоғары марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленсе, қоғамға еңбегі сіңген кәсіподақ мүшесі ретінде еліміздің салалық «Парасат» кәсіподағының ең үлкен марапаты – «Құрмет» медалін де төсіне тақты.

Білікті ұстаз, тәрбиеші-тәлімгер Б.Әбенов әріптестері мен студенттер арасында зор абырой-құрметке ие. Болат Құсайынұлы зайыбы Бақыт Алдамасқызы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі жоғары білімді, үйлі-баранды, екеуі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде (Англия мен АҚШ-та) білім алған. Ұлы Әлішер «Қазақмыс», «Aрселор Миттал» компанияларында жауапты қызметтер атқарса, қызы Әнел – Президент істері әкімшілігі жанындағы Емдеу орталығының бөлім бастығы. Қалған ұлдары кәсіпкерлер, немерелерінің алды студент.

Құрметті Болат Құсайынұлы! Кемеліңізге келіп, тәжірибеңіз толысқан, қадір-қасиетіңіз қалыптасқан шағыңызда жігіттік жігермен қарсы алып отырған асқаралы мерейтойыңыз құтты болсын! Шығармашылық шабытыңыз шау тартпай, ел игілігі жолындағы еңбекте жаңа жетістіктерге жете беріңіз! Отбасыңызға амандық, мол бақыт, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!

 Ақпараттық жүйелер кафедрасының ұжымы