- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ТАЛАПКЕРЛЕРГЕ КЕҢЕС БЕРДІ
28.03.2023Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті «Ашық есік күнін» өткізіп, болашақ талапкерлермен жүздесті.
Университет үшін жыл сайынғы дәстүрлі мерекеге айналған бұл іс-шараға оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар келді. Қонақтарды философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Берікбайұлы бастаған ұжым құрамы мен студенттер қарсы алды.
Аталған іс-шара рәсімінде Бекжан Берікбайұлы ашылу салтанатында сөз сөйледі. Ол университет жайлы баяндап, биылғы мектеп бітіруші түлектерді білім ордасының жеткен жетістіктерімен таныстырды. Мектеп оқушыларына факультетте бар мамандықтар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әр кафедраның ғылыми зерттеудегі бағытын түсіндірді. Болашақ талапкерлерге ұсынылатын мамандықтар мен дайындық бағыттары туралы ақпараттарды ұсына отырып, факультетімізге болашақ мамандарды оқуға түсуге шақырды.
Мектеп оқушылары факультеттің Дінтану және мәдениеттану кафедрасы ұйымдастырған көрмені тамашалады. Сөйтіп, олар Қазақстанның палеолит музейі, көне және ортағасырлық мәдениеті мен музейі, шығыс, батыс жұмыстарымен танысты. Көрмеге әлемдік мәдениет пен қазақтың көне заттарынан құралған қолөнер бұйымдары қойылды, кафедрамыздың «Мәдениеттану» мамандығының 1-курс докторанты «Қазақ мәдениеті контексіндегі ағаш ұқсату сәндік-қолданбалы өнерінің теориялық және практикалық негіздері» атты диссертация тақырыбына байланысты Мақсат Мұқажанұлы ағаш өңдеу және ағаштан жасалған бұйымдарын әкеліп, ағаш бұйымдардың бетіне бедерлеп ою-өрнек салу, өрнек жазу түсіру т.б. шеберлік сабағын көрсетті.
Көрмеде докторантымыздың шәкірті Данияр Бабашов қыш өнері көнеден бастау алған кәсіп түрі екенін, бүгінде қыш құю ісімен айналысатын шеберлер көп еместігін, алайда өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын айта отырып, құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы мен гончарлық өнердің қыр-сыры туралы айтып берді. Қышпен өрілген құмыраны көпшіліктің көз алдында жасап, сыйға тартты. Кафедра оқытушысы Жүзей Мырзахмет «Сакралды Қазақстан: рухани және материалдық жәдігерлер феномені ретінде» атты докторлық диссертация тақырыбы аясында ұзақ жылдан бері жинаған «Рухорда» діни-мәдени музейі атты көрмесін алып келіп, көрермендерді таңғалдырды. Көрме шеңберінде мектеп оқушылары авторға түрлі сұрақ қойып, жауап алды. Кафедра жанынан құрылған «Мәдениет.kz» және «Нұр» клубы студенттерді еңбекке баулумен қатар, студенттердің жан-жақты қалыптасуы үшін сан тақырыпта өткен шаралар туралы стендтерді де көрмеге қойды.
Бұған қоса, университет студенттері талапкерлерге видеоролик арқылы оқу орнына түскеннен кейінгі өмірлері және білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Одан кейін университет студенттері талапкерлерге зейіні мен зердесін шыңдайтын «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты викториналық сайыс ұйымдастырды.
Бір айта кетерлігі, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының келіні, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова келді. Асылдың сынығы – жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа басынан өткен қызықты сәттерді айтып берді. Басқосуда ұлттық салт-дәстүр, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие сынды ешқашан маңызын жоғалтпайтын тақырыптар қозғалды. Зейнеп Ахметова отбасылық құндылықтар және қазіргі заманғы жастардың образы жайлы тұжырымды ой қозғады.
Әлия ӨМІРБЕКОВА,
философия және саясаттану факультеті деканының орынбасары
М.ЕСБОЛОВА,
«Мәдениеттану» мамандығының 1-курс докторанты