- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«АҚТҮН» – ТАБИҒАТ ПЕН КӨҢІЛ КҮЙ ҮНДЕСТІГІ
28.03.2023Әл-Фараби ғылыми кітапханасында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері, талантты ақын Бауыржан Әліқожаның «Ақтүн» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кешті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын, композитор Бекжан Әшірбаев жүргізді. Алматының «Раритет» баспасынан жарыққа шыққан «Ақтүн» – табиғат пен көңіл күй үндестігінің шынайы көрінісі. Кітапта тың образдар мен ұшқыр ой ұлттық бояумен өрнектелген. Әрине, бұл ақынның сыршыл сезімінен туған тұнық лириканың жиынтығы, мөлдірлік пен сұлулық астасып жатқан көркем галерея.
Өлең өлкесінде өзіндік алар орны бар Бауыржан Әліқожаның жаңа кітабы, шығармашылық жетістіктері жөнінде университет ұстаздары Нұржан Қуантайұлы мен Кәкен Қамзин, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Байбота Қошым-Ноғай бастаған белгілі ақын-жазушылар мен публицистер жылы лебіздерін білдіріп, ақын шығармашылығына жоғары баға берді. Тұсаукесерге ақын-жазушылар ғана емес, Өктем Алтаев бастаған бір топ өнер өкілдері де қатысып, ақын қаламынан туған өлеңдерге жазылған әндерді шырқады. Ұлы тұлғалардың тәлімінен тағылым алып, өнегесін өмірлік мұрат еткен, бір кездерде өзі де шәкірт болған Бауыржан ағайымыздың да поэзиясын құштарлықпен оқитын, ерекше құрметпен үлгі тұтып, бой түзеп жүрген шәкірттері аз емес. Тұсаукесер барысында журналистика факультетінің студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқып, өлеңнің сыршыл сарынымен сусындады. Үш сағатқа созылған кештің қызықты өткені соншалық – келген қонақты еш жалықтырған жоқ. Автор мен оқырман арасын жалғаған, студенттер мен тыңдарманды ғажайып әсерге бөлеген жүздесу болды.
Бауыржан Әліқожаны басқа ақындардан өзгерек етіп тұрған қасиеті – даралығы, төл өрнегі. Сондай бір өзгешелік, өзіндік дауыс, сырлы дүниені Бауыржан ағайымыздың поэзия әлемінен іздеуден шаршамаймыз. Тіпті «Ақтүн» атты кітап тақырыбының өзі оқырманның санасын елең еткізіп, қиялын көкке самғататын атау. Кітап атауының неге бұлай аталғаны көпшілікті қызықтырмай қоймады. Лирик ақынның айтуынша, «Ақтүн» — сүттей аппақ, жап-жарық түннің атауы.
Ғажайыптың қарашы түрленуін,
Сапырылған ойлармен бүрле, жырым.
Көңілімнің кеңейткен көкжиегін,
Сүттей аппақ, жап-жарық түн де бүгін, – деп жырлайды ақын.
Дана САДЫРҚАН,
журналистика факультетінің
1-курс студенті