Жаңалықтар

ҚазҰУ-ға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов келді

08.04.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен келді. Жұмыс тобы құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және өзге де лауазымды тұлғалар бар.

Университетте құрметті қонақтар алдымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейіне бас сұқты. Мұнда қара шаңырақтың тарихы, жетістіктері, тұлғалары мен түлектері жайлы мәлімет берілді.  


Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өткен жылы университеттің оқу ғимараттары мен жатақханаларына жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысына тоқталды.


«Жөндеу кезінде ғимараттардың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді. Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздар сатып алынды. Сонымен қатар электр жүйесі қайта жүргізілді. Жатақханалардағы әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, сантехникалық жабдықтар ауыстырылды», – деді ректор.

Сонан соң вице-премьер бастаған жұмыс тобы бас ғимаратта орналасқан оқу орнының Жағдаяттық басқару орталығының қызметімен танысты. Орталық басшылары қауіпсіздік және бақылау жүйесі барысын көрсетіп, университеттің ақпараттық бағдарламалары мен байланыс орталығының жұмысы туралы ақпарат берді.


Бүгінде ҚазҰУ – барлық қызметкерлер мен студенттердің қауіпсіздігі жан-жақты қарастырылып, цифрландырылған қала ішіндегі бірегей қалашық.

Жағдаяттық басқару орталығы кампус пен жатақхана, ғимараттарға орнатылған бейнекамералар арқылы білім алушылардың қауіпсіздігі, сабаққа қатысу барысын, үлгерімін жіті бақылайды. Ал студенттер үйінде тұратындар электронды рұқсат карталары арқылы кіреді.

Сондай-ақ оқу үдерісі мен оқытушы-профессорлар құрамының көптеген жұмысы автоматтандырылған «Универ» жүйесі арқылы басқарылады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі