- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жансейіт Түймебаев: Ғылым – үздіксіз дамитын процесс
11.04.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаевтың
"Айқын газетіне берген сұқбаты
12 сәуір – ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Даталы күнге орай 90 жылдық тарихы бар еліміздегі ең іргелі оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Жансейіт Түймебаевпен сұхбатымыз аталған оқу орнындағы ғылыми ахуал төңірегінде болмақ.
– Жансейіт Қансейітұлы, әңгімемізді алдағы Ғылым қызметкерлері күнінен бастасақ. Кәсіби мереке қарашаңырақ ҚазҰУ-да қалай аталып өтеді?
– Кез келген елдің өркендеуіне атсалысатындардың алдыңғы қатарында жаңа технологияларды ұсынатын білікті кадрлар тұрады. Ал мұндай мамандар білім беретін оқу орындарынан, түрлі институттар мен зерттеу орталықтарынан шығады. Әйгілі орыс жазушысы Лев Толстойдың «Білім – мақсат емес, қару» деп айтқан жақсы сөзі бар. Біздің университетте студенттерді біліммен «қаруландырып» жатқан мықты оқытушы-профессорлар құрамы жеткілікті. Біздің оқу орнында атақты академиктер, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жүздеген ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары жұмыс істейді.
Ал 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғылым және бизнес: Қазақстанның инновациялық даму жолы» тақырыбында ауқымды ғылыми конференция ұйымдастырылғалы отыр. Бағдарлама аясында университет ғалымдарының ғылыми-инновациялық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады. Көрме жұмысына университеттің, сондай-ақ білім ордасына қарасты ғылыми-зерттеу институттарының озық инновациялық жобалары қойылады. Көрмеде еліміздегі өзге 11 ЖОО-ға инновациялық жобаларын таныстыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Басқосуда бүгінгі ғылымның даму барысы, көкейкесті мәселелері жеке талданады. Ал «Интеграцияның нәтижесіндегі ғылыми ынтымақтастық» тақырыбы аясындағы дөңгелек үстелде отандық ғылыми жобаларды өндіріске енгізу, коммерцияландыру мәселелері ортаға салынбақ.
Ғылым – үздіксіз дамитын процесс. Сондықтан әрдайым оның артық-кемін екшеп-текшеп отырған абзал.
– Көшбасшы университеттің ғылымдағы бүгінгі бағыт-бағдары қандай?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті былтыр шілде айында зерттеу университеті мәртебесін алды. Осы мәртебеге сай, ҚазҰУ негізгі басымдықты ғылыми-зерттеу саласына бұрды. Таяуда елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Біз негізгі жұмысымызды, оқу-даму бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу ізденістерімізді осы құжатқа сай жүргізіп келеміз.
Мәселен, қазір елімізде жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құру жөніндегі жұмыс жүріп жатыр. Орталық Азия шеңберінде профессорлық-оқытушы құрам мен қызметкерлердің тағылымдамаларын, бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастыру ісі жоспарлануда. Академиялық және мәдени тәжірибе алмасу, озық тәжірибелер мен өзара оқытуды іске асыру мақсатында ЖОО альянсы мен Орталық Азия елдері студенттерінің альянсын құру жоспарланып отыр. ШЫҰ және ТМД желілік университеттерінің негізінде түркі мемлекеттері кеңесінің желілік университеті құрылады. Бұл түркі елдерінің азаматтарына түркі мемлекеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. 2029 жылға дейін Қазақстан аумағында беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 12 филиалы мен өкілдіктерін ашу мәселесі пысықталмақ.
Осы орайда, ерекше тоқталып өткім келетіні, алдағы уақытта университет ғылымын қолдау мақсатында ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға мақсатты гранттар бөлінетін болып отыр. Білім ордасы жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарламалық мақсатты қаржыландыру шеңберінде бизнес-инкубаторлар, инновациялық орталықтар, технологияларды коммерцияландыру мен трансферттеудің өңірлік орталықтарының, жобалық-конструкторлық бюролардың және инфрақұрылымның басқа да элементтерінің жұмыс істеуі маңызды. Бұл үшін университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтарға қолдау көрсетіледі. Осынау игілікті іс жүзеге асатын болса, ұлттық ғылым қарыштап дамиды. Мемлекеттік қолдауды сезінген ғалымдардың зерттеу ісіне құлшынысы артады. Нақты нәтижеге қол жеткіземіз.
– Осы айтылған міндеттерді орындауға университеттің ғылыми әлеуеті жете ме?
– Келер жылы университет 90 жылдығын атап өтеді. Оқу орнының іргетасы құрылғалы ҚазҰУ-да елеулі жұмыс жүргізіліп, көптеген ғылыми-инновациялық жобалар іске асырылды.
Ғылым жолы – «тар жол, тайғақ кешу». Ғылым жолын күш-жігері зор, өз армандары мен мақсаттарына жетемін деген білімді, білікті әрі қайсар адамдар ғана таңдайды. Сондай ғалымдар бүгінде біздің университетте «идеядан – өнімді коммерцияландыруға дейін» қағидатын іске асырып отыр.
Мәселен, «Ғылым қоры» АҚ жобасы аясында университет төмен температурамен және синтездің қысқа кезеңімен ерекшеленетін, сондай-ақ оларды пайдалануды жеңілдететін еріткішсіз акрилат бояуларының шағын өндірісін іске қосты.
Университетте идеяларды коммерциялық өнімдер мен қызметтерге трансформациялайтын білікті зерттеушілер үшін барлық жағдай жасалған.
– Осы жерде әл-Фарабидың есімін иеленген іргелі оқу орнының ғалымдары ойлап тапқан ғылыми жаңалықтардың біршамасын атап өтсеңіз?
– ҚазҰУ-дың Ғылыми-технологиялық паркі «Ұлутас плиткаларына жағуға арналған сұйық түрдегі кальций карбонатынан алынған поликристалды сынғыш ұнтақты тау жыныстарының бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасын «ТрансНефть» Орталық Азия ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесіп жүргізуде. Жобаны іске асыру мақсатында «Инновация плюс» еншілес коммерциялық ұйымы құрылды. Ол жаңа құрылыс материалының тиімділігін растай отырып, осы материалды ҚазҰУ ғимараттарының қасбеттеріне қолдану бойынша эксперименттік жұмысын бастады. Бүгінде айына 10 000 текше метр көлемінде инновациялық құрылыс материалының өндірісі жолға қойылды.
Сонымен қатар ҚазҰУ технопаркі электр қуаты жоқ жерлерде электр энергиясын беруге арналған қуаты екі және одан да көп кВт/сағ телеметриясы бар мобильді автономды гибридті күн энергиясы қондырғысы (МАЭБ) жобасын іске асыруда. Бұл жобаға қазірдің өзінде Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, ұялы байланыс операторлары, агроөнеркәсіптік кешен өкілдері және басқа да ұйымдар қызығушылық танытуда.
Бүгінде ҚазҰУ-да «Ғылым қоры» гранттары есебінен жоғары технологиялық өнім шығару бойынша 10 шағын сериялы өндіріс іске қосылды. Олар тартқан инвестициялар көлемі соңғы екі жылда 2 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар биыл ҚазҰУ ғалымы Алина Галеева «Ғылым қорының» тағы бір грантын ұтып алды. Оның жобасы қорғаныс және сәндік жабындарды алу технологияларына бағытталған. Сондай-ақ ғылыми институттар мен ұйымдар арасындағы интеграция күшейтілді, өнертабыстарға 400 патент пен авторлық куәлік алынды. Халықаралық Scopus журналында жарияланған қазақстандық ғалымдардың 58 пайызы жыл сайын ҚазҰУ ғалымдарының үлесінде екенін мақтанышпен айтып кеткім келеді.
Бұдан бөлек, студенттік бизнес-инкубатор шеңберінде 70-тен астам студенттік инновациялық жоба бар. ҚазҰУ технопаркі базасында әртүрлі факультеттерден сегіз Start up команда жұмыс істеуде.
Тағы да айта кетерлігі, 12 сәуірде «Астана» халықаралық қаржы орталығында өтетін технологияларды коммерцияландыру реакторына ҚазҰУ-дың үш ғылыми жобасы іріктеліп алынды. Нәтижесінде, ірі бизнес өкілдері қатысатын ауқымды жиында NANOQUQIRT жаңа препаратын өндіру және Қазақстан нарығына шығару жобасының жетекшісі, ҚазҰУ профессоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, «Жақсартылған сипаттамалары бар полиэфирлі шайырларға негізделген бояу материалдарын алудың жаңа технологиясы» жобасының жетекшісі, қауымдастырылған профессорымыз Ғалия Ирмұхаметова, «Жеміс-жидек дақылдарын терең өңдеу үшін мұздату, кептіру процесін пайдалану» жобасының жетекшісі, физика-химиялық талдау әдістері орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD Ербол Ихсанов өз жобаларын таныстырады. Бұл ғалымдарға өз жобаларын бизнес-әріптестік арқылы одан әрі дамытуға және өндіріске кеңінен енгізуге мүмкіндік береді деп күтіп отырмыз.
– Университеттің ғылыми қызметіндегі жас ғалымдардың үлесі туралы айтсаңыз...
– Бүгінде университет ғылымының дамуында жастар шешуші рөл атқарып отыр. ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Олар ҚазҰУ ғылыми мектептерінің дәстүрін жалғай отырып, ғылымдағы жаңа бағыттарға жол салуда. Жас зерттеушілердің көпшілігі шетелдік жетекші университеттер мен орталықтарда тағылымдамадан өтіп, мол тәжірибе жинақтаған. Сол себептен жас ғалымдарымыздың үздік ғылыми жобалары елімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары бағаланып отыр.
Сонымен қатар университетте постдокторанттар, PhD докторанттар және жас буын магистранттардың басын қосқан Жас ғалымдар кеңесі бар. Кеңес аясында атқарылатын жұмыстар жас ғалымдардың кәсіби тұрғыда дамуына бағытталған. Ұйым жас зерттеушілерді өзекті ғылыми мәселелерді шешуге және еліміздегі басым ғылыми бағыттарда зерттеу жүргізуге жұмылдырады. Оның мүшелері жыл сайын өтетін «Әл-Фараби әлемі» халықаралық конференциясы, студенттердің ғылыми-инновациялық жұмысының республикалық байқауы сияқты ірі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүр. Кеңес мүшелерінің саны 1 500-ге жуық. Оның құрамына университет ғылымын алға жылжытуға үлес қосқысы келген кез келген докторант немесе жас ғалым кіре алады.
Біз жастарды қолдау мақсатында дәстүрлі «Үздік жас ғалым» байқауын өткіземіз. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер жас талантты ғалымдар үшін тағайындалған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болады. Осылайша, көптеген жас зерттеушілер өз жобаларын дамытуға мүмкіндік алып, іске асыруда. Болашақта олардың өз қарым-қабілеті арқасында университет пен ел дамуына үлкен үлес қосарына сенемін.
– Жақында Мемлекет басшысының қабылдауында болдыңыз. Осы кездесу жайлы кеңірек айтып берсеңіз. Президент нақты қандай тапсырмалар берді?
– Иә, 10 наурыз күні ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы қабылдауында болдым. Кездесуде Мемлекет басшысына университеттің академиялық, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін баяндадым. Президент ҚазҰУ-дың халықаралық мәртебесін нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы мақсатта былтыр Үкімет Қаулысымен университеттің 2022-2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасы бекітілді.
Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізуді міндеттеп отыр. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасын дайындап, Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылардың талқылауынан өткізген болатын. Бұл тұжырымдама жобасында жоғары білім беру саласындағы алдағы жеті жылдағы басым міндеттер ретінде жоғары білімге қолжетімділік, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды дамыту, интернационалдандыру, корпоративтік басқаруды дамыту, инфрақұрылымды дамыту және ұлттық білім сапасын қамтамасыз ету моделі белгіленген.
– Зерттеу университеті ретінде ҚазҰУ-дың алдағы жоспары қандай?
– Мемлекет беріп отырған мүмкіндіктер мен өзіміздің ғылыми әлеуетімізді пайдалана отырып, біз алдымызға әлемдік зерттеу университеті деңгейіне жетуді мақсат етіп отырмыз. Зерттеу университеті мәртебесі бізге ғылыми бағыттарды тереңдетуді талап етеді. Университетте студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби бағытын арттыру мақсатында және олардың болашақ мамандықтары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беретін бірқатар нақты шаралар қолға алынуда. Бүгінде әр кафедра мен факультеттің ғылыми жобаларына талдау жасау арқылы экономикалық әсерін анықтап отырмыз. Жобаларды қалалар мен жалпы елдегі белгілі бір проблемалық мәселелерді шешуге тікелей байланысты өзекті тақырыптар бойынша бөлу маңызды. Коммерцияландыруға әлеуетті ғылыми жобалар экономиканың нақты секторына жұмыс істеуі керек. Жобалардың тақырыбын мемлекеттік бағдарламаларға назар аудара отырып, өндірістік сектормен байланыс орнату арқылы таңдауға басымдық бердік.
Университеттегі барлық ғылыми жобаларды саралап, өндіріске қажеттілерін іріктеп, коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру үшін ҚазҰУ жанынан «Ғылымды дамыту кеңесі» жасақталуда. Бұған қоса, алдағы уақытта ғалымдарымызға қолдау көрсету, университет ғылымын ілгерілету және дамыту мақсатында «Ғылыми инновациялық белдеу» құруды көздеп отырмыз.
Бүгінде жас ғалымдардың, талантты студенттердің шығармашылық, ғылыми әлеуетін дамытуда университет барлық қажетті жағдайды жасауда. Жас ғалымдармен еркін форматта кездесіп, ғылымдағы өзекті мәселелерді талқылап, жаңа ұсыныс-идеяларды саралап отыру үшін «Жас ғалымдар клубы» мен ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге жол ашатын «Жас ғалымдар қоры» құрылмақ.
– Алдағы уақытта жас ғалымдарға қандай әлеуметтік жағдайлар жасалады?
– Қазір білім ордасының 2000-ға жуық оқытушылары мен қызметкерлері тұрғын үйге мұқтаж. Олардың арасында жас ғалымдар да бар. Бұл жағдай кадрлық әлеуетті және жалпы білім беру сапасын арттыруға әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтуіміз керек. Осы факторды ескере отырып, жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды да көздеп отырмыз. ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңін қолға алуды қарастырып отырғанымызды білесіздер. ҚазҰУ қалашығын жаңғырту жоспарының ауқымы өте үлкен. Осы жоспар аясында оқу корпустары, қызметтік тұрғын үйлер мен жатақханалар салынады.
ҚазҰУ еліміздегі іргелі, көшбасшы оқу орны ретінде әлемге танымал. Бүгінде оқу ордасында 27 мың студент білім алып жатыр. Шәкірттеріміздің алаңсыз білім алып, маман болып шығуы үшін талапқа сай жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де алғашқы кезектегі күн тәртібінде тұр.
Кезінде заңсыз жекешелендіріліп кеткен жер учаскелері университетке қайтарылды. Университет кампусын жаңғыртудың ІІ кезеңінде бұл жерлер де тиімді игерілетін болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Нұрболат Адырбеков
"Айқын" газеті,
11 сәуір 2023 ж.