- Негізгі бет
- Жаңалықтар
12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні!
12.04.2023
Сіздерді 12 сәуір – Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ғылымның бүгінгі дамуы – елдің ертеңгі табысының кепілі. Егер әлемдік дамуда көш соңында қалмаймыз десек, ең алдымен ғылымды дамытуымыз керек. Сондықтан ұлттық ғылымды жаңа деңгейге көтеретін мезгіл жетті. Отандық өндірісті өркендету үшін ғылыми инновациялар, жаңалықтар қажет. Ғалымдарымыздың еңбегі сапалы өнім шығаруға немесе өндірісті тиімді етуге тиіс. Сонда ғана экономикамыз дамиды», – деп атап өткен болатын.
Президент тапсырмасына орай, биыл Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
ҚазҰУ-дың зерттеу университеті ретіндегі ғылымды дамытуға бағытталған барлық іс-шаралары мен ғылыми жобалары осы тұжырымдама аясында іске асырылатын болады.
Зерттеу университеті деген мәртебе бізге ғылыми бағыттарды тереңдетуді талап етеді.
Отандық ғылымға заман сұранысына сай жаңа талаптар қойылуда.
ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар, инновациялар мен заманауи зерттеулер ғасыры.
Бүгінде ғылымға негізделген инвестицияларға айрықша көңіл бөлінуде.
Ғылым мен өндірісті ұштастыру, озық тәжірибемен алмасу, ғылыми ұйымдар мен университеттердің ынтымақтастығын кеңейту аса маңызды.
Қазіргі күні ҚазҰУ-да 22 ҚР ҰҒА академигі және 11 корреспондент-мүшесі, 14 ғылым мен техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері жұмыс істейді.
Сонымен қатар білім ордасында 585 ғылым докторы, 801 ғылым кандидаты, 489 PhD докторы еңбек етуде.
Біз жаңа Қазақстанның жаңа біліммен қаруланған, озық ғылымды игерген, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелеуіміз керек.
Ғылыми ізденістердің нәтижесі ел экономикасы мен тұтас қоғамға пайда әкелуі тиіс.
Бұл бағытта ғылыми қауымдастыққа үлкен жауапкершілік артылуда.
ҚазҰУ-дың халықаралық мәртебесін нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту бәрімізге ортақ міндет.
Университет абыройы мен беделі оның ғылыми жетістіктеріне тікелей байланысты. Сондықтан сіздерге ғылым жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Басқарма Төрағасы – Ректоры
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ