- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Елші урду тілін меңгерушілерді қолдайтынын айтты
11.04.2023Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы жанындағы «Мухаммед Али Джинна» орталығында Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Саджад Ахмед Сихар мырзаның қатысуымен «Елші сағаты» өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақ ұлттық университеті мен Пәкістан Ислам Республикасының университеттері арасындағы білім-ғылым және мәдени байланыстарды дамыту. Аталған іс-шараға Пәкістан елшілігінің өкілдері, Каспий университеті, медицина және денсаулық сақтау факультетінде оқитын пәкістандық студенттер (Quasar Urdu Society ұйымының мүшелері), факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Алдымен сөз алған факультет деканының міндетін атқарушы Наталья Ем екіжақты ынтымақтастықтың қалыптасуындағы негізгі кезеңдерді атап өтіп, осы уақытқа дейін шығыстану факультетінде урду тілі мен әдебиетінен 50-ден астам маман дайындалғанын айтты. Екі ел арасындағы ғылым мен білімді дамыту үшін урду тілін оқытудың факультет үшін маңызды екеніне ерекше назар аударды.
Пәкістан Республикасының елшісі Саджад Ахмет Сихар мырза өз сөзінде Қазақстандағы өкілетті қызметі аяқталғанын, дегенмен алдағы уақытта да Пәкістан мен Қазақстан арасындағы достық, мәдени-ғылыми байланыстарды арттыру туралы ой-пікірін білдірді. 2009 жылы елшіліктің, пәкістандық кәсіпкерлердің және Пәкістан Ұлттық банкінің қолдауымен ашылған «Мухаммад Али Джинна» орталығы екі ел арасындағы достықтың кепілі екенін және болашақта да урду тілі мен әдебиетін меңгеретін студенттердің ғылыми ізденістеріне Пәкістан тарапынан қолдау көрсетілетініне сенім білдірді.
2021 жылы сәуір айында шығыстану факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері Исламабад қаласындағы Заманауи ұлттық тілдер университетінде (NUML) біліктілікті арттыру курсынан өтті. Оқытушылар мен студенттердің барлық шығындарын Қазақстан Республикасындағы Пәкістан елшілігі өз мойнына алған болатын. Бұл студенттер қазіргі таңда магистратурада білімдерін жалғастыруда.
Аталған шарада шығыстану факультетінің 1-курс магистранттары Назерке Жарбосынова, Айғаным Тұрсынбекқызы және Quasar Urdu Society ұйымының мүшесі Рао Талха Иқбал «Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасқа – 30 жыл» тақырыбында қазақ және урду тілдерінде қысқаша баяндама жасады. Мухаммад Қасым Хан Quasar Urdu Society («Жарыққа толы урду қауымы») ұйымы мақсатының бірі урду тілін меңгерген қазақ жастарымен ұйымдастыруға бағытталған шаралар туралы айтып берді. Надиа Абдулхалим урду тілінде өлең оқып, көпшілікті тәнті етті.
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Дариға Молдағалиқызы, деканның орынбасары Салтанат Төлеуқызы «Елші сағатына» қатысқан қонақтарға алғыстарын білдірді. Кеш соңында Саджад Ахмед Сихар мырзаға Қазақстан Республикасындағы өкілеттік қызметі аяқталуына байланысты ректор Жансейіт Түймебаевтың алғыс хаты және ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.
Шынар КАНАФЬЕВА,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия
кафедрасының аға оқытушысы