Жаңалықтар

Оқу үдерісіне жаңашыл бағыт әкелген ғалым

05.04.2023

1981 жылдың қыркүйек айы. Студент болып, қуанышымыз қойнымызға сыймай, шүйіркелесіп, танысып жатырмыз. Танысу кезегі Алматы қаласында дүниеге келіп, сол кездегі астанамыздағы №12 С.М.Киров (қазір Ш.Уәлиханов атындағы) қазақ орта мектебін бітірген менің аттасым – Раушангүл Аваковаға да келіп жетті. Әдетте қалалықтар ауылдан келгендерге басқаша көзбен қарайды емес пе? Алайда Раушанымыз жайдары мінезді, ашық, жылы жүзді, ақкөңіл де алғыр екенін байқатып, емен-жарқын тілдесіп, етене танысқаннан кейін сыралғы құрбыларға айналып кеттік. Содан бері хабар үзбей, жақсылығымызды бөлісіп, ғылымда да, өмірде де мүдделес, ажырамас жақын жандарға айналған едік.

Алматыға жақын жердегі Талғар ауданының Мичурин ауылына ауылшаруашылық жиын-терінге көмекке жіберген шақтағы Раушанның ұйымдастырушылық қабілеті, бәрімен тез тіл табысып кететіні өз алдына бір әңгіме. Раушангүліміз тобымыздың комсоргі болды. Екінші курста тіл мен әдебиет бөлімі болып екі топқа бөліндік. Біздің топтың старостасы – Раушан Амирдинқызы. Оқу ордамыздың қазіргі ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев кураторымыз болды. Университет табалдырығын аттап, аудитория есігін алғаш ашқан күннен бастап әдебиеттің құдіретін бойымызға сіңірген Зейнолла Қабдоловтың әр оқыған лекциясы есімізден кетпейді.

Ақкөңіл, ашық мінезді Раушанымыз аудиторияға кіріп келгенде «девченки» деп орысшалап қоятын. Өзіне жарасып тұратын еді. Сессия басталғанда сынақ, емтихан тапсыру кезінде жаны қалмай, бәрімізден көмегін аямайтын. Бес жыл бойы ақын-жазушылардың шығармашылық кештерінен қалып көргеніміз жоқ. Театр, кино, музейге барып тұрдық. Бірінші курста Жансейіт Қансейітұлы ағайымыз музейге апарған еді. Біздің қыз-жігіттердің татулығы да тамаша болатын. Қаланың қызы Раушанымыз да жатақханаға келіп, қал-жағдайымызды біліп тұратын. Содан бері қаншама жыл өтсе де, көп дүние жадымызда сақтаулы.

Раушангүл түркітанушы, филология ғылымының докторы, академик Ә.Қайдаровтан диплом жұмысын үздік қорғап шықты. Оқуымызды тамамдап, әркім өз жолымен кетті. Қаракөздердің ішіндегі бүгінде мерейтойы аталып өтіп жатқан сол кездегі бойжеткен Раушан бүгінде ұстаз болып, студенттерге білім беріп, ерінбей еңбек етіп келеді. Атақты түркітанушы ғалым, профессор Алтай Аманжоловтың төл шәкірті. Cтуденттік кезден бейнеткештігімен, еңбекқорлығымен дараланған құрбымыз Раушангүлдің ғылымдағы бейнесін хакім Абай сөзімен толықтыруға болады. Хакім сөзімен айтар болсам, ғаділет, махаббат сезім кімде көп болса, ол кісі – ғалым, сол ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз: жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп аламыз деп, толғанысқа түседі. Ғылым, Абай пікірінше, ғайыптан пайда болатын кездейсоқ құбылыс емес, ол шын дүниенің бойындағы объективті шындықтардың біртіндеп ашылып танылуы арқылы жиналып, бірте-бірте қордаланатын рухани қазына. Мұның иесі – ғалым, кімде-кім талмай еңбектеніп, сарыла ізденіп санасын мәні ашылған шындықтармен толықтырып, қорландырып отырса, ғылымның бір саласын жете меңгерген ғалым болуы қиын емес, ғалым болу – әрбір адамның өзіне тікелей байланысты құбылыс. Осы ойдың парасына сәйкес келетін Раушангүліміз қаншама ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды, жазып келеді. Ол нәзік әрі батыл болса да, алмайтын қамалы, бағындырмайтын белесі кемде-кем.

Оның ғылымдағы орны бөлек. Старостамыз Раушанның 2011 жылы бәрімізді іздеп тауып, сағындырған студенттік жылдарды қайта еске түсіртіп, оқуды бітіргенімізге 25 жыл болғанына керемет кездесу ұйымдастырғаны, бастамасы біздің қарым-қатынасымызға алтын көпір болды. Осының бәрі Раушанның қатарының алды, көшбасшы болуына зор ықпал етті, ол шыңдала түсті. Құрбымыз өзі қызмет істейтін ғылым ордасында ғана емес, бүгінде жалпы оқу үдерісіне жаңашыл бағыт бере отырып, білім мен ғылымды шебер ұйымдастырып жүрген білікті профессор-ғалым.

Осынау мерейтойлы жасында Раушан Амирдинқызына мықты денсаулық, шығармашылық табыс, соны ізденістер мен нәтижелі зерттеулер тілейміз. Ұлы Нұржанның қызығын көріп, ардақты әже болуына тілекшіміз. Саналы да сапалы өскелең ұрпақ даярлау түркітану ғылымы мен қазақ тіл білімін дамыту жолында қажымай, талмай абыройлы қызмет ете берсін! Еңбегінің жемісін, зейнетін көрсін!

 Раушан ӘБУОВА,

Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, педагог-шебер, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері 

Байзақ ауданы

Жамбыл облысы