- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Білім алушы ұстазға қарап бой түзейді
05.04.2023География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының түлегі Айна Рысмағамбетованың ғылымдағы дара жолы жайлы «Qazaq universiteti» газетінің оқырмандарына баяндауды жөн көрдік. Өйткені Айна Ақанқызының алғырлығы, ізденісі қанаттас әріптестеріне, кейінгі буынға үлгі. Өзінің айтуынша, тағдырын ғылыммен байланыстырып, ғылым жолына түсуіне әрі тұлға ретінде қалыптасуы бұрынғы Энергоэкология, қазіргі Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасына тікелей қатысты.
Айна Рысмағамбетова 2008-2012 жылдар аралығында Қазақ ұлттық университетінде «Химия» мамандығы бойынша білім алған. Ғылыми-зерттеу жұмысындағы алғашқы қадамы 2012-2014 жылдары университеттің география және табиғатты пайдалану факультетінің «Экология» мамандығы бойынша магистратурада оқып жүргенде басталған. Магистратурада білім алып жүрген кезінде академиялық тағылымдаманы 2013 жылы Лейпциг университетінде (Германия) өткен. Одан кейін магистрлік диссертациясының тақырыбына орай, «Күн сәулесін концентрлейтін элементтермен шоғырландырылған гелиоқондырғыда мұнай құрамды қалдықтарды бөлу әдістерін жасау» атты ғылыми жобада лаборант қызметін атқарды. Зерттеу ісі бойынша факультет, университетаралық шараларға, ҚР Білім және ғылым министрлігінің аясында өткен ғылыми жобалардың байқауына, студенттік бизнес-инкубаторлық жобалар сайысына белсене қатыса бастады. Нәтижесінде ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып, сертификаттарға ие болды.
Айна Ақанқызы жас болса да, зерттеу жұмысына ерекше мән беріп, көп ізденді. Ғылымның ұңғыл-шұңғылына бар күш-жігерін жұмсауға тырысты. Өйткені тағдыры ғылыммен бірге өрілетінін ол ерте түсінген еді. Жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде сегіз мақала жазып, жарыққа шығарды. Оның ішінде екі мақаласы Web of Science базасында жарияланған болатын. 2014 жылдан Энергоэкология, қазіргі Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының маманы болып жұмысқа араласты. 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін аға оқытушы қызметін атқарып келеді. Ал 2016 жылы «Экология» мамандығы бойынша география және табиғатты пайдалану факультетіне PhD докторантураға түсті. 2020 жылы «Елек өзені алқабының жерүсті және жерасты суларының бормен ластану динамикасын бағалау» (Assessment of the boron pollution dynamics of the groundwater and surface water of Ilek river valley) деген тақырыпта докторлық PhD диссертациясын ағылшын тілінде қорғады. Докторантура бағдарламасының аясында шетелдік ғылыми-зерттеу жұмыстары Валенсия политехникалық университетінде (Испания) жүргізілді. 2017 жылы ЮНЕСКО штаб-пәтерімен ынтымақтастықта Бангкокта ЮНЕСКО ұйымдастырған Тұрақты даму мүддесінде білім беру бойынша жастар көшбасшыларын оқыту бойынша Азия-Тынық мұхиты өңірлік семинарында Қазақстанның өкілі болуға мүмкіндік алды. 2020-2021 жылдар аралығында Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар бойынша орынбасары қызметін атқарды. Бүгінде география және табиғатты пайдалану факультеті деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар бойынша орынбасары қызметін атқарып келеді. Ұжымда беделді, шәкірттерін білім мен ғылымға баулуда Айна Ақанқызы ешқашан аянып қалған емес. Білгені мен түйгенін білім алушыларға үйретіп келеді. «Ғылымға тынымсыз адам керек. Сергектік қажет. Қалғып кетсең, көп істен кемшілік жібересің. Үнемі ізденіс, ой үстінде жүрген жастан нәтиже күтуге болады», – дейді ол ағынан жарыла.
Шынында да, білім алушы ұстазға қарап бой түзейді. Өзі білімді, өзі іскер ұстаздың шәкірттері осал болмауы керек. Ізденген ғалым қашанда мұратына жетеді. Айна Рысмағамбетованы алда талай асу күтіп тұр. Ол биік белесіне үлкен дайындықпен келе жатыр. Қазір жеке оқу-әдістемелік еңбек жазу жолында алты оқу-әдістемелік құралы жарыққа шықты. Екі ұжымдық монографияда, соның ішінде біреуі шетелдік басылымда, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланды. Білген адамға бұл да үлкен еңбек. Төгілген маңдай тер.
Ұлы философ Аристотельдің «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым» деген сөзі бар еді. «Менің кәсіби тұрғыда өсуіме және нағыз маман иесі болып қалыптасуыма үлкен ықпал еткен Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы ұжымына ғылым мен білім саласында көрсеткен баға жетпес қолдауына үлкен алғыс білдіремін», – дейді Айна Ақанқызы.
Гүлжанат ТАНАБЕКОВА,
Әділхан ОРАЗБАЕВ,
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО
кафедрасының аға оқытушылары