Жаңалықтар

Жаңа экономикалық саясатқа білімді кадрлар қажет

05.04.2023

Ел дамуының жаңа кезеңіне тән әлеуметтік әділдіктің жоғары деңгейіне жету үшін экономикалық саясатты реформалау қажеттілігі туындауда. Реформаға сай, қоғамда қалыптасқан «азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынастарды оңтайлы үйлестіру үшін әрқайсысының мүддесін тиянақты және әділ қанағаттандыру керек. Осыған орай, ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты  жолдауында экономиканы реформалаудың маңызды бағыттарына назар аударды. Мемлекет басшысы реформаның белгіленген бес бағдарының ішінде ең алдымен жаңа экономикалық саясатты қарастырады. Өйткені негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл мақсатқа ойдағыдай жету үшін  жаңа экономикалық саясаттың тың тәсілдерін іздестіріп, оларды тиімді қолдануда нақты тоғыз міндет тұрғанын атайды.

Нобель сыйлығының лауреаты Милтон Фридман: «Инфляциялық қысымсыз тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі кез келген мемлекеттің араласуынан гөрі еркін нарық күштері, жалпы алғанда, тиімдірек», – деген. Экономикаға мемлекеттің қатысу және басқаруда нарықтық құралдарды қолдану деңгейі экономикалық еркіндік индексі арқылы анықталады. Ол мемлекеттің тауарлар мен қызметтерді өндіруге, бөлуге және тұтынуға үкіметтің араласпауы немесе кедергі келтірмеуі туралы тәжірибесін сипаттайды.

          Әлемдік тәжірибеде экономикасы неғұрлым еркін елдерде халықтың әл-ауқатының деңгейі әлдеқайда жоғары болады. Мысалы, Қазақстан 2021 жылы «негізінен еркін экономикасы бар» елдер қатарында 178 елдің ішінде 34-орында болды. Сол жылы 7-орындағы «еркін экономикасы бар» Эстонияда  жан басына шаққандағы табысы Қазақстанның ұқсас көрсеткішінен 4,2 есе жоғары болды. Ал 2022 жылы біздің еліміз бұрынғы мәртебесінен айырылып, «орташа еркін экономикасы» бар елдер қатарына қосылып, 177 елдің ішінде 64-орынға түсіп отыр.

Демек, біздің елде де мемлекеттің экономикаға араласу деңгейін қысқартуды және кәсіпкерлікті дамытуға шешімді іскерлердің өзі қабылдауға еркіндік беруді ел экономикасы өсуінің ең маңызды факторына айналдырған абзал. Бұл халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Сондықтан баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуын біртіндеп азайту, тіпті одан бас тарту керек.

       Мемлекет басшысы заманауи экономиканы жаңғыртудың басқа да маңызды міндеттерін атап көрсетеді. Ал оның қайсысын алсақ та, тиісті деңгейде орындалмауы, сайып келгенде, басқару тиімсіздігі мәселесіне келіп тіреледі. Мәселен, Қазақстандағы шағын және орта бизнесті жеткіліксіз қаржыландыру шамамен 42 миллиард долларды құрайды, ал көп триллиондық өтімділікті жинақтаған банктер оларға мойын бұрмайды. Осындай жағдайда елдегі шағын бизнес те еңсесін көтере алмауда: елдегі жұмыс орындарының шамамен үштен бір бөлігі шағын және орта кәсіпкерлік еншісінде.

Ал Америка Құрама Штаттарында шағын бизнес елдегі жұмыс орындарының 2/3 бөлігін құрайды. Оларды қолдауда Президентке тікелей бағынатын шағын бизнес әкімшілігі басты рөл атқарады: консалтингтік және тәлімгерлік қызметтерді көрсетуден несиелеуге дейін көмек береді және кепілдікпен қамтамасыз етеді. Міне, осындай салыстыру арқасында елімізде құрылымдық-экономикалық реформаны іске асыруға арналған міндеттерді шешуге жаңа мемлекеттік басқарушылар керек екені айқын көрінеді.

Біздің Экономика және бизнес жоғары мектебінде кадр мәселесін тиімді шешуге оң қадамдар жасалып жатыр. Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға орай, экономика мен басқарудың нақты мәселелерін шешу барысына студенттердің назарын аударудамыз. Осы талап бұдан былай диплом жұмыстарының, сондай-ақ кандидаттық және докторлық диссертациялардың тақырыптарын таңдау кезінде де қойылады. Деканның қолдауымен «Жаңа Қазақстан экономикасы» деген пікірталас клубы ашылмақшы. Бұл жаңа Қазақстанның қалыптасуы кезеңіне тән өзекті экономика мен басқару мәселелерін және олардың шешу жолдарын жетекші сарапшылардың басын қоса отырып талқылауға арналған ашық алаң болмақ. Клуб отырыстары айына бір рет өткізіледі.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұжымы заман талабына сай тиімді экономикалық және басқарушы кадрларды даярлау мақсатында әрқашан да білім берудің жаңа әдістерін табуға және қолдануға бағытталған. 

Сейсембай ЖҰМАМБАЕВ,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің

доценті, экономика ғылымының кандидаты