- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Кәсіби маман болудың жайы айтылды
17.04.2023Қазақстанның БҰҰ-ға қосылғанына 30 жыл толуына орай және Бүкіләлемдік радио күніне сәйкес, «Радио құтқарушы рөлінде: радио цифрлық қоғамдағы шиеленісті азайтуға қалай көмектеседі?» атты X халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі болып өтті. Мектеп аясындағы шеберлік-сыныптарында еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, сондай-ақ Бангладеш, Йемен, Қытайдан келген құрметті профессорлар мен студенттер бас қосты. Бұл шара 2014 жылдан бері ҚР БҰҰ Ақпараттық бюро департаменті мен ЮНЕСКО Алматы кластерлік бюросының қолдауымен жыл сайын өтіп тұрады. Бүкіләлемдік радио күніне орай, шара Алматы облысының Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркі Белбұлақ шатқалындағы «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде өтті.
Географ-эколог Айжан Сқақова бүгінгі күннің экологиялық мәселелерін талдады. Одан кейін ЮНЕСКО мүшесі Сергей Карповтың жолдаған видеосәлемін тамашаладық. Сөз кезегі журналист, сатирик Ермахан Шайхыға берілді. Қаламгер ұстаз бүгінгі сатираның жүгі мен жауапкершілігі туралы сөз қозғады. Іс-шараға ҚР Сот әкімшілігі Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Сәдуақасов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әлібек Шегебай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Бекжан Әшірбаев, аға оқытушы, ақын Бауыржан Әліқожа сияқты танымал маман, ұстаздар қатысты. Ал журналист С.Дүйсенова өз дәрісін оқып, қоғамдағы түрлі проблемаларға көзқарасын білдірді, кәсіби журналист болудың жолын нұсқады.
Келесі күні модераторлықты әлеуметтік ғылымдар магистрі, ҚазҰУ оқытушысы Төлеген Берікбол қолға алды. «Айқап» подкастының авторы Алмас Маратұлы «112 эффектісі немесе медиажобаларды ілгерілету әдістері» тақырыбында дәріс оқыды. Masa Media порталының редакторы Есдәулет Қызырбекұлы «Қаңтар оқиғасы БАҚ-та қалай жазылды?» деген мәселеге тоқталды. Анкара университетінің «Кино және телевидение» мамандығының магистрі Мархабат Ілияс «Қазақстандық БАҚ: Түркия мен Сириядағы зілзала туралы материалдарға шолу, талдау» жобасын түсіндірді. Веб-дизайнер Рауан Ризуан сайттарды құру жолдарын айтып өтті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Серікхан Жүзеев «Азаматтық қоғам үні: өңірлік медиа тәжірибесінде» деген тақырыпта дәріс оқыды. Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті Журналистика кафедрасының профессоры Мәлика Жұмамұратова бүгінгі журналистиканың өзекті мәселелерін ортаға салды.
Ал басқосудың үшінші күні модератор тізгінін Айтолқын Әшімова қолға алды. Бұл күні негізінен түрлі тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Спикерлер ретінде Яса Мохаммад, Аршад Хилал, Мирам Хан Вахидуллах, Гүлзад Файсал және т.б. сөз алып, журналистиканың келелі түйткілдері жайында айтып өтті.
Әлмира БАУЫРЖАН,
журналистика факультетінің студенті