- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Білгенін бөлісуге дайын тұратын жан
20.04.2023Көрнекті ғалым, педагог, клетка биологиясы және экология салаларының білікті маманы Тамара Шалахметова 70 жасқа толды.
Өткен өміріне көз жүгірткен Тамара Минажқызы кенет ойланып кетті. «Алғашқыда ҚазМУ-дың химия немесе биология факультеттеріне түсуді жоспарладым, алайда туған ағам, танымал журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғаділбек Шалахметовтің кеңесімен биология факультетіне түсуді жөн көрдім. 1970 жылы өз қалауыммен ҚазМУ-дың биология факультетіне құжатымды тапсырып, 1975 жылы аяқтап шықтым. Биология факультетінде оқу әрі қызықты, әрі өз шыжығымен әр студенттің есінде қалары сөзсіз», – дейді ол.
Оқуды тамамдаған жас маман Қарағанды мемлекеттік университетінің Цитология институтына екі жылдық тәжірибеге аттанады. Стажер-зерттеуші дәрежесінен аспирантураға жолдама алып, КСРО ҒА Цитология институтында (Ленинград қ.) білімін шыңдайды. 1981 жылы Цитология институтының диссертациялық кеңесінде «Цитология» мамандығы бойынша биология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шығады. Ғылыми жолының шарықтап келе жатқан сәтінде Қарағанды университетінің Зоология кафедрасына аға оқытушы болып орналасады. Кейіннен ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігі ҚазҰЗИ кардиология бөлімінде зерттеуші болып жұмыс істейді. 1989 жылы доцент атағын алып, содан бері ғылыми белсенділігі Қазақ мемлекеттік университетімен тығыз байланыста болып, 1999 жылы ҚазҰУ қабырғасында докторлық диссертациясын қорғады.
Ақылы мен парасаты оның мінсіздігін, ал әдептілігі мен инабаттылығы табандылық пен жаңаға деген ұмтылысты көрсетуге еш кедергі келтірмейді. Шынтуайтына келгенде, шәкірттері үшін Тамара Минажқызы оқытушы ғана емес, ғылымға адал қызмет етудің, оған деген үмітпен қараудың үлгісі. Зерттеуші ғалымның жоғары эрудициясы мен дарыны оған ең күрделі ғылыми мәселенің де сәтті шешімін ұсынуға мүмкіндік береді. Соның арқасында өмір жолында биік белестерді бағындырды.
Дара тұлғалы ұстазымыз өзінің елу жылдық практикасында өз тәжірибесі, білімімен шәкірттерін сусындатып келеді. Халықаралық жоғары білім академиясының мүшесі Тамара Минажқызы көрнекті ғалым, отандық ғылым мен білімнің дамуына бар күшін салып жүрген тамаша ұйымдастырушы. Педагог ретінде де танымал әрі қоғамға сыйлы қайраткер. Сонау 1975 жылдардан бергі тәжірибесіндегі түрлі халықаралық маман иелерімен бірлесе жазған еңбектері, қазіргі таңдағы өзекті ғылыми мәселелерді қамтыған жазбалары мен мақалалары құнды деректердің қатарында.
Ол біліктілігін арттыру мақсатында үнемі шетел университеттерінде: Пьер және Мари Кюри университеті (Франция), Оснабрюк университеті (Германия), Лондон университеттік колледжі (USL, Лондон), Миссури университеті (Колумбия, АҚШ), Джорджтаун университеті (Вашингтон, АҚШ), Грайфсвальд университеті (Германия), Вена университеті (Австрия), Цюрих университетінде (Швейцария) ғылыми тәжірибелерден өтіп, ғылыми баяндамалар жасап, конференциялар мен симпозиумдарға қатысқан ғалым.
Профессордың ғылымдағы пікір-пайымы аса бағалы. Аса жоғары білімділігі мен білігі, ғылыми адалдығы, адамдарға деген игі қарым-қатынасы, білгенімен бөлісуге дайын тұратыны басқа әріптестерінен ерекшелейді. Ал оның шексіз күш-қуаты мен еңбекқорлығына бәріміз қызығамыз. Ұстазымыздың өзіндік ұстанымдары мен жүйелі жұмысты бағалайтыны оның қаталдығы емес, керісінше, талапшылдығы деп түсінеміз. Осы және өзге адами қасиеттері, таусылмас шығармашылық қайраты, кең дүниетанымы, мақсаттылығы, жемісті ғылыми-педагогикалық жұмысы биология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА ЖМ корреспондент-мүшесі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Тамара Шалахметованы өз елінде және одан тыс жерлерде жоғары бағалап, лайықты құрметке бөлейді.
Тамара Минажқызы – отбасында тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, немере сүйген абыройлы әже. Ерекше құрметке шын мәнінде лайық ғұмыр кешіп келе жатқан қымбатты мерейтой иесіне зор денсаулық, таусылмас күш-қуат, отбасына амандық, береке-бірлік тілейміз.
Бағила АБДУЛЛАЕВА,
Диана ҚОЖАХМЕТОВА