- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ ректоры Санкт-Петербургке жұмыс сапарымен барды
20.04.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапары аясында Ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университетінің (АТМО) ректоры Владимир Васильевпен кездесті.
ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаевты қарсы алған АТМО ректоры Владимир Васильев кездесу барысында 1900 жылы құрылған Ресей Федерациясының жоғары оқу орнының қызметі жайлы әңгімелеп берді. Бүгінде университет QS World University Rankings-те 365-орында. Университет ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, фотоника, робототехника, кванттық коммуникациялар, трансляциялық медицина, өмір туралы ғылым (Life Sciences), Art&Science, ғылыми коммуникация сияқты бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Қонақтарға жылы лебізін білдіре отырып Владимир Васильев екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығын нығайту үшін жан-жақты жәрдемдесуге, перспективті жобалар мен бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев кездесуге қатысушыларды РФ жоғары оқу орындарымен ғылым және білім саласында өзара ынтымақтастық бойынша бай тәжірибе жинақтаған Қазақстанның жетекші университетінің тарихымен және қызметімен таныстырды.
Бүгінгі таңда Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарымен, институттарымен, ұйымдарымен ынтымақтастық туралы 195 келісімнің 140-ына қол қойылды, олардың шеңберінде түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар табысты жүзеге асырылуда.
«ҚазҰУ Еуразиялық университеттер қауымдастығы шеңберінде АТМО ұлттық зерттеу университетінің серіктесі болып табылады және қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асырады, – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев. – Осыған байланысты біз келесі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге және дамытуға ниеттіміз. Олар: студенттерді спорттық бағдарламалар бойынша жарыстарға дайындау үшін жазғы мектептерді ұйымдастыру, «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу институтын ашу, «Ақпараттық қауіпсіздік жүйесі», «Спорттық бағдарламалау» мамандықтары бойынша қосдипломдық бағдарламаларды, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, ҚазҰУ оқытушылары мен докторанттарының тағылымдамаларын ұйымдастыру және басқалар. Біз АTMO-мен жемісті және өзара тиімді серіктестікке толығымен мүдделіміз».
Жүздесу соңы пікір алмасумен, екі университет арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылаумен және естелік фотосессиямен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі