Жаңалықтар

ҚазҰУ-да фарабитанушы Жақыпбек Алтаевтың 75 жылдығы атап өтілді

21.04.2023

Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби ғылыми кітапханасында философия ғылымының докторы, профессор, фарабитанушы ғалым Жақыпбек Алтаевтың 75 жасқа толуына орай, «Әлем мәдениетіндегі әл-Фараби: ойшыл, философ, ғалым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция әлемдік философия мен ғылымдағы әл-Фараби мұрасы, әл-Фараби және түркі халықтарының философиясы мен заманауи Қазақстан философиясының негізгі бағыттарын қамтыды.


Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне арнаған құттықтау хаты оқылды. «Сіз қазіргі қазақ философиясының негізін қалау жолында тыңнан түрен салдыңыз. Шығыс ойшылдары мен ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиді бүгінгі заманмен байланыстыра отырып, терең зерттеуге сүбелі үлес қостыңыз», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.


Сонымен қатар мерейтой иесіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, шетелдердегі Ұлттық ғылым академияларының төрағалары, ЖОО ректорлары, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекеме басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар құттықтау хаттарын жолдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау хатында: «Сіз еліміздегі философия ғылымын жаңа бағытта зерттеп, түркі әлеміне ортақ ғылыми еңбектер жаздыңыз. Сіз қазақ фәлсафа тарихын әлемдік философиямен ұштастырып, ұлттық ойлауды зерттеудің теориялық-әдіснамалық үлгісін қалыптастырдыңыз», – деп атап өтті.


Конференция аясында «Әлем мәдениетіндегі әл-Фараби: ойшыл, философ, ғалым» тақырыбында Жақыпбек Алтайұлының ғылыми еңбектерінің көрмесі мен фотокөрме ұйымдастырылып, деректі фильм көрсетілді.  

Сонымен қатар профессор Ж.Алтаевтың библиографиялық жинағы мен «Ортағасыр классикалық философиясы», «Әл-Фараби философиясы», «Ислам әлемі ойшылдары» кітаптарының тұсауы кесілді.



Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің Философия кафедрасы, Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, Әл-Фараби орталығы, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты мен Қазақстандық философиялық конгресс бірлесіп ұйымдастырды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі