- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Канада елішісі ҚазҰУ ректорымен білім беру саласындағы халықаралық әріптестік мәселелерін талқылады
25.02.2009әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Е.П. Маргарет Скок арнайы сапармен келді.
Кездесуде Маргарет Скок Қазақ ұлттық университеті басшылығымен Қазақстан мен Канада жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық әріптестік, атап өтсек «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша мәселелерді ортаға салды. Екі жыл бұрын президенттік бағдарлама бойынша Канадада 27 қазақстандық студент білім алса, қазір бұл көрсеткіш 180-ге өсіп отыр. Маргерет Скок Канада білім бару саласындағы әріптестікке мүдделі екендігін атап өтті.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов дипломатты ұлттық университетпен таныстырып, білім беру және ғылым саласы бойынша пікірімен бөлісті.
- Білім беру мен ғылым бірге дамуы - заман талабынан туындаған үрдіс. Бүгінде ҚазҰУ үлесіне Қазақстан жоғары оқу орындарында жүргізіліп жатқан іргелі зерттеулердің жартысынан көбі тиіп отыр. Бүгін біз үшін халықаралық әріптестікті жаңа сапалы деңгейге көтеру маңызды болып отыр, - деді ректор. Елшінің айтуынша, Канада екі мемлекеттік тілділік сияқты басымдылыққа ие. Ол - ағылшын және француз тілі. Сондықтан осы екі тілде білім алу мүмкіндігі бар. Канада Қазақстанмен климат және географиялық жағдайы жағынан ұқсас, екеуінде де дамыған аграрлық сектор бар. «Канада бастапқыда Еуропамен тығыз байланыста болғандықтан, өзіне Еуропа мен ағылшын-америкалық мәдениеттің ең үздік дәстүрлерін жинады. Білім берудің биік талаптары Еуропа, Америка, Азияда канадалық түлектерге деген сұранысты кеңейте түседі», - деп ойын сабақтады М. Скок. Кездесу барысында Канада университеттерінде елімізде қажетті мамандықтар бойынша қазақстандық студенттер мен профессорлардың тәжірибеден өтуі жайлы келіссөздер жүргізілді. Ректор Б. Жұмағұловтың айтуынша, ҚазҰУ халықаралық құқық, дипломатия, ауыл шаруашылығы, биология, биотехнология, ақпараттық технологиялар сияқты салаларда оқытушылар алмасуға мүдделі. Сонымен қатар жоғары курстың үздік студенттерін Канаданың жетекші өнеркәсіп орындары және ғылыми орталықтарына жіберу жоспарланып отыр. Маңызды бағыттардың бірі несиелік жүйе бойынша қазақстандық студенттерді бір семестрге оқуға жіберу болып табылады. |
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі