Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Farabi made us friends» шетелдік студенттер форумы өтті

27-сәу-23

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Фараби бізді достастырады» («Farabi made us friends») атты шетелдік студенттердің алғашқы форумы өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзінде «Farabi made us friends» форумы достық қарым-қатынас, мәдени байланыстар мен тәжірибе алмасудың жаңа бағыттарына жол ашатынын атап өтті.

«Бұл шараны ұйымдастыру туралы арнайы тапсырма берген болатынмын. Сіздермен жақын танысып, университет қызметі мен атқарылған жұмыстармен бөлісуді жөн көрдім. Сондай-ақ сіздердің де ұсыныс-пікірлеріңізді естігім келді. Өнерлеріңізді де тамашалап, әр мемлекеттің мәдениетін барлық жастарға көрсетіп, сіздердің араларыңызда достық қарым-қатынас орнатуды мақсат еттік», – деді ректор өз сөзінде.

ҚазҰУ 2026 жылға қарай шетелдік студенттердің үлесін 25 пайызға ұлғайтуға және шет мемлекеттердің географиялық ауқымын 50-ден 100 мемлекетке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазақ тілі, медицина, ақпараттық жүйелер, халықаралық қатынастар, менеджмент, биотехнология сынды білім беру бағдарламалары бүгінгі шетелдік студенттер тарапынан сұранысқа ие. Оқытушылардың 37 пайызы ағылшын тілінде сабақ өтеді, 3000-ға жуық студент ағылшын топтарында білім алады.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамында әртүрлі ұлттардың 200-ден астам өкілі жұмыс істейді және әлемнің 53 елінен 2500-ден астам шетелдік студент оқиды. Университет 500 шетелдік университетпен тығыз байланыс орнатқан және әртүрлі халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтарға мүше.

Шара кезінде ҚазҰУ-дың шетелдік студенттері: Лахарвал Хашим Шоукат (Кашмир), Аль-Ясин Бакр Рабах Мохаммед Хасан (Ирак), Явуз Дилара (Түркия), Хан Сарах Абдул Хак (Үндістан), Фагани Сара (Иран), Махмуд Садик Абубукар (Нигерия), Конан Ивакумалар (Жапония) өз ана тілдерінде сөз сөйлеп, төл мәдениеттерімен таныстырды.

 

Сонымен қатар оқуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, белсенділік танытқан 50 шетелдік студентке арнайы дипломдар табысталды. Форум барысында шетелдік студенттер өнер көрсетіп, араб, иордан, түрік, парсы тілдерінде ән шырқап, би биледі.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі