Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері,
магистрант, докторанттары!
Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Татулық пен тыныштықты ту еткен тәуелсіз мемлекетіміз үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде:
«Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат.
Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс.
Сонда ғана болашағымыз баянды болады.
Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет.
Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек», – деп атап өтті.
Осы сөз әрдайым біздің жадымызда болуы тиіс.
Бірлік пен келісім – халқымыз ең қиын-қыстау кезеңнің өзінде сақтай білген құндылықтар.
Өзара құрметтің, ауызбіршілік пен жасампаз еңбектің арқасында біз ел іргесін нығайтып, экономикада, білім мен мәдениет саласында айтарлықтай жетістікке жете алдық.
Қазақстан қазір қоғамдық келісім мен достық қарым-қатынасты берік ұстанған рухы асқақ, қуатты елге айналды.
Еліміздегі түсіністік пен келісімді орнықтыруда ҚазҰУ ұжымы да ерекше үлес қосып келеді.
ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамында әртүрлі ұлттардың 200-ден астам өкілі жұмыс істейді.
Жаңа, әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірлесе атқаратын ұлы мұраттарымыз баянды болсын.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Бірлік пен ынтымақ мерекесі құтты болсын!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ