Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР ҰҒА академигі, бірінші Конституциялық соттың төрағасы Мұрат Баймахановты еске алуға арналған «Жаңа Қазақстанда құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қалыптасуы: теория, тәжірибе және даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Қазақстан мен шетелдердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері және докторанттар мен студенттер қатысты.
Шараны ашып, жүргізген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, заң ғылымының докторы Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Академик Мұрат Тәжімұратұлы Баймаханов Қазақстанның өркениетті құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақстан егемендікке ие болғаннан кейін тәуелсіз елдің заңнамасын түбегейлі жаңарту жолында аянбай еңбек етті. Көрнекті қайраткер, академик Мұрат Тәжімұратұлының еңбекқорлығы мен табандылығы, рухы биік азаматтығы әрқашан өскелең ұрпақ үшін үлгі болады», – делінген хатта.
Жиында сондай-ақ Конституциялық соттың төрағасы Э.А.Әзімова, Конституциялық соттың судьясы С.Ф.Ударцев, Мәжіліс депутаты У.Ш.Шапақ, заң факультетінің деканы Д.Л.Байдельдинов және басқалар сөз сөйлеп, баяндама жасады.
Конференция жұмысы академик М.Баймахановтың еңбектерін талқылаған арнайы секцияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі