Жаңалықтар

Шығыстану факультетінде консулдық сағат өтті

06.05.2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Корея Республикасының бас консулы Пак Нэчхон мырзаның ашық дәрісі өтті.

Шығыстану факультетінде шақырылған профессор Ли Бенг Джоның ұйымдастыруымен консулдық сағат аясында бас консул Пак Нэчхон мырзаның Қиыр Шығыс кафедрасының студенттерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында Пак Нэчхон мырза «Токто аралымен таныстыру» және «Корея Республикасының Корея Халықтық Демократиялық Республикасына қатысты саясаты» тақырыбында дәріс оқыды. Кореяның бас консулы студенттерге Кореяның экономикалық даму моделі, Оңтүстік Корея мен Жапония арасындағы Токто аралының айналасындағы даулы мәселелер туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Айта кету керек, кездесу Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен өтті.

Өз кезегінде ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем мәртебелі қонаққа университеттің бүгінгі қызметі мен шетелдік университеттер және ұйымдармен ынтымақтастық байланысы жайлы қысқаша баяндап, алғысын білдірді. Сондай-ақ консулдық сағат аясында ҚазҰУ студенттері музыкалық арнайы қойылым дайындап, корей тілінде өлең оқыды. Кездесу соңында Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы корей тағамдарының дәмін тату дегустациясын ұйымдастырды.

Айта кету керек, екі ел арасындағы ғылым мен білім саласындағы стратегиялық серіктестіктің арқасында Корей қоры студенттер мен оқытушыларды стипендиямен қамтамасыз етіп, олардың ғылыми жобаларға қатысуға, магистранттарға тағылымдамадан өтуге және Корея университеттерінде оқытушылардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жыл сайын Қиыр Шығыс кафедрасы «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында Кореяның жоғары оқу орындарына бір семестрде 20-дан астам студентті білім алуға жібереді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі