Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері,
магистрант, докторанттары!
Сіздерді 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мереке қарсаңында өткен салтанатты шарада айтқан сөзінде:
«Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы.
Отан қорғау – әрбір азамат үшін биік мәртебе. Сондай-ақ бұл – туған елдің, болашақ ұрпақтың алдындағы үлкен жауапкершілік.
Мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету еліміздің мызғымас басымдықтары болуы тиіс», – деп атап өтті.
Ұлттық әскер – мемлекетіміздің берік тірегі, тәуелсіздігіміздің кепілі.
Университетте тәрбие жұмыстары мен әскери-патриоттық рухты қалыптастыру білім берумен қатар жүреді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Әскери кафедрада запастағы офицерлер бағдарламасының әскери дайындық курсы 19 әскери-есептік мамандық бойынша жүзеге асырылады. Басты мақсаты – озық біліммен қаруланған өз елінің патриоттарын қалыптастыру.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран».
Алдыңғы буынның өнегесі мен ерлігін бойына сіңірген бүгінгі ұрпақ үшін Отан, туған жер, тәуелсіздік ұғымдары ерекше қастерлі.
Жаңа, әділетті Қазақстанның болашағы жарқын болсын.
Елімізге бейбітшілік, әр шаңыраққа құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ