Жаңалықтар

ҚазҰУ мен «Қазақ газеттері» меморандумға қол қойды

10.05.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев «Қазақ газеттері» бас директорының орынбасары – Алматы филиалының басшысы Думан Анашпен кездесіп, алдағы уақытта атқарылатын ортақ жұмыстар мен ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Ынтымақтастықтың мақсаты – ақпарат алмасуда бірлесіп жұмыс істеу, серіктестікке қарасты басылымдар және kazgazeta.kz ақпараттық портал оқырмандарының сұранысына жауап беретін сапалы ақпараттық-танымдық материалдар жариялау, өзара ақпараттық, консультативтік және әдістемелік қолдау көрсету.

Кездесу барысында құрметті меймандарға оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.

Өз кезегінде Думан Анаш «Қазақ газеттеріне» қарасты басылымдарда жариялану бойынша ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері белсенді екенін баса айтты. Сондай-ақ өз сөзінде қонақ бүгінгі меморандум үлкен нәтижелерге бірлесіп қол жеткізуге сеп болатынын жеткізді.

Айта кетейік, «Қазақ газеттері» құрамына қазір 12 басылым кіреді. Олар: «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Теңге монитор», «Ұйғыр авази», «Үркер», «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдары.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі