Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Əлімхан Жүнісбектің 85 жылдығы аталып өтті

12.05.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түркітанудың көрнекті өкілі, сингармология мектебінің негізін қалаушы Əлімхан Жүнісбектің туғанына 85 жыл толуына орай, «Жарқын болашақ кепілі – дамыған тіл» атты халықаралық пəнаралық инновациялық форумы өз жұмысын бастады.


Ауқымды шара аясындағы «Түркі фонетикасы: диахрондық жəне синхрондық парадигма» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауы оқылды.

«Әлімхан Жүнісбекұлы – қазақ фонетикасы, орфография мен орфоэпия мәселелерін, сингармонизм теориясын тереңнен зерттеген ғалым. Ол өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, шәкірт тәрбиеледі. Ғалымның лингвистика, түркітану саласындағы зерттеулері, тіл білімі бойынша оқулықтары мен оқу құралдары, сөздіктері ғылыми айналымға енгізілді. Университет өзінің өнегелі тұлғаларын ешқашан ұмытпайды және ұлағатты ұстаз-ғалымдарымыздың еңбектерін дәріптеп, насихаттау – біздің парызымыз», – делінді құттықтауда.

Сонымен қатар пленарлық мәжілісте отандық жəне шетелдік белгілі ғалымдардың баяндамалары тыңдалып, шеберлік сағаттары өтті.  


Жиылғандар арнайы секцияларда «Мемлекеттік тілді оқыту мен қолданудағы ала-құлалықтан арылу», «Жасанды интеллекттің лингвистикалық коды», «Тілге шақ əліпби ұстанымдары», «Нейрондық желі технологияларын қолдану арқылы мəтіндерді тереңдетіп (deep learning) оқыту» тақырыптарын қарастырды. «Brainstorming meeting» креативті ойлармен бөлісу форматында өткен жиында ел ғалымдарымен қатар, АҚШ, Жапония, Түркия, Қытай, Корея, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан зерттеушілері ой бөлісті.

Форум жұмысының екінші күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жалғасады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі