Жаңалықтар

Тұлғалар тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

12.05.2023

Алматыда Қазақстан оқу-ағарту саласының жарқын ғұламасы, еліміздің руханияты мен мәдениетіне зор үлес қосқан көрнекті ғалым, әдебиеттанушы Шамғали Сарыбаевтың туғанына 130 жыл толуына орай, арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, дипломат, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Роза Рымбаева, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Шамғали Сарыбаевтың ұрпақтары жиналды.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Хатта: «Шамғали Сарыбаев – ұлт руханиятына зор үлес қосқан ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз. Ол қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымын жаңа белеске көтеріп, көптеген сүбелі еңбектер жазып, ана тіліміздің тынысын ашып, көкжиегін кеңейтті», – делінген.

Басқосуда көпшілік назарына Шамғали Сарыбаев туралы «Ғұлама» атты деректі фильмі көрсетілді.

Кейін ҚР ҰҒА академигі, профессор Шора Сарыбаев, Қазақ ұлттық музыка аспаптарын зерттеуші, профессор Болат Сарыбаев пен танымал сазгер, композитор Талғат Сарыбаевтың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Әр жылдары әулет өкілдері тұрған Абылай хан даңғылындағы №113 үйдің қабырғасына ескерткіш белгі орнатылды.

Ашылу рәсімінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сөз сөйлеп, Шора, Болат және Талғат Сарыбаевтар өз ісіне адал, әдебиет пен музыка өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан нағыз мамандар екенін атап өтті.

«Шора Шамғалиұлы 200-ден астам ғылыми мақала мен оқулықтардың, монографиялардың авторы. Елімізде ғана емес, шетелде де кеңінен танылды. Болат Шамғалиұлы халқымыздың көне музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің жандануына ерекше үлес қосқан еді. Өнер қайраткерінің арқасында ұмыт бола бастаған төл өнеріміз қайта жаңғырды. Талғат Болатұлы көптеген әндерді өмірге әкелді. Оның туындылары халық жадында мәңгі сақталатыны анық», – деді Ерболат Досаев.

Өз кезегінде сөз алған ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов ұлтқа қызмет еткен тұлғаларымыздың еңбектерін дәріптеп, насихаттау бүгінгі жастардың парызы екенін баса айтты.

Сондай-ақ жиында Шамғали Харесұлының шәкірттері, Шора Сарыбаевтың замандастары, қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаева, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбай сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі