- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Farabi Business School Дубай академиялық қалашығымен іскерлік байланыстарды кеңейтеді
13.05.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Farabi Business School басшылығының өкілдері Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Dubai International Academic City қалашығына барып, қалашық өкілдерімен кездесті.
Дубай академиялық қалашығы – ерекше экономикалық мәртебесі бар мамандандырылған аймақ. Бұл жобаны Дубай Әмірлігінің Үкіметі 2003 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Ол әлемдегі ең ірі оқу орталығын құруды көздейді. Жақын арада оның аумағында 50-ден астам халықаралық мектептер мен университеттер бой көтеретін болады.
Академиялық қалашықта Farabi Business School басшылығы SP Jain School of Global Management, Hult International Business School халықаралық білім беру мекемелерінің өкілдерімен оқу бағдарламаларын одан әрі жақсарту және жаһандық серіктестік қатынастарды кеңейту мақсатында арнайы кездесуі өтті.
Тараптар халықаралық білім берудің маңыздылығын және жылдам өзгеретін экономика стандарттарына сәйкестігін атап, студент алмасу, бірлескен зерттеу бағдарламалары саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады.
«Біз бүгінгі кездесу үшін қуаныштымыз және жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз. Негізгі мақсат – біздің студенттерді халықаралық білім нәрімен сусындату және оларды қазіргі бизнес әлеміндегі жаһандық сын-қатерлерге дайындау», – деді Farabi Business School директоры Жарасхан Сариев.
Hult International Business School Таяу Шығыс және Африка білім беру бағдарламаларының аймақтық директоры Айо Олатойе және SP Jain School of Global Management профессоры Кристофер Абрахам Farabi Business School-мен ортақ жобаларға қызығушылық танытты.
«Біздің ынтымақтастығымыз екі жаққа да тиімді және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін. Әрі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен әріптестігіміздің болашағы зор болмақ», – деген Кристофер Абрахам арнайы кездесуге ерекше алғысын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі