Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сапары аясында Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры, Ресей Ғылым академиясының академигі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Ақаев Процестік инновациялар орталығының жұмысымен танысты.

Орталықта Инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығы табысты жұмыс істеп, инновациялық жобаларды жүзеге асырады.


Асқар Ақайұлына университет қабырғасында дайындалған «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi-2» наноспутниктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар құрметті қонаққа білім беру мекемелерінде ғарыштық робототехника мен STEM білім беру жүйесін дамытуға арналған «ALFASAT» инновациялық конструкторы көрсетілді.



Сондай-ақ Асқар Ақаев Жерді қашықтықтан зондтау орталығының жұмысымен танысты. ҚазҰУ-дың Жерді қашықтықтан зондтау орталығында геоақпараттық жүйелер және ғарыштық суреттер негізінде әртүрлі салаларға арналған геоөнімдер дайындалады. Алынған мәліметтерді қолдану арқылы түрлі талдау жұмыстары жүргізіледі.

Орталықтың жұмысымен толық танысқан Асқар Ақайұлы ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі