- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғұмыры ғибратты ғалым
16.05.2023Қара шаңырақ ҚазҰУ-да Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Анар Салқынбайқызының ұйымдастыруымен сан-салалы қазақ тіл білімі мен ғылымына ғұмырын арнаған Мырзатай Серғалиұлының мерейтойына арналған «Қазақ ой өрнегінің сарашысы» атты дөңгелек үстел өтті. Ғалымдар мен ғалымның шәкірттері баяндама жасап, тамаша естеліктер айтса, магистрант студенттер ғалымның тіл және әдебиетке қатысты филологиялық зерттеулерінің ең маңызды бөлігіне ғылыми-шығармашылық талдау жасады.
Мырзатай Серғалиев 1938 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының «Жаңажол» елді мекенінде дүниеге келді. Үш жасында әкесі қан майданға аттанып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. 1955 жылы Қараоба орта мектебін бітірді. Бала арманы орындалып, 1955 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті атанды. 1960 жылы қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы мамандығын алған ол осы университеттің Қазақ филологиясы кафедрасына ассистенттік қызметке қалды. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының екі тілді сөздік және терминология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болған жылдары да (1966-68) кафедрадан қол үзген жоқ. Ұстазы, профессор М.Балақаев шәкіртінің ғылыми дәрежесінің болмағанына қарамастан, қосымша оқытушылық жүктеме берген еді. 1968 жылдан осы университеттің Философия кафедрасында аға оқытушы болып жүрген оны ұстазы 1971 жылы өзінің сол кездегі Қазақ филологиясы кафедрасына шақырды. Бұған дейін ғалым 1967 жылы «Қазақ тіліндегі етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған еді. Ал «Синтаксистік синонимдер» монографиясының негізінде 1988 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Содан 1999 жылға дейін өзі білім алған университетте профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметін атқарып, ұстаздық-ұйымдастырушылық жолдан өтті. 1989-99 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМУ жанындағы қазақ тілі мен орыс тілі мамандықтары бойынша кандидаттық (кейін докторлық) диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің төрағасы болды. Осы уақыт ішінде сегіз докторлық және 90-нан астам кандидаттық диссертация қорғалды.
Мырзатай Серғалиұлы 1999-2008 жылдар аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алдымен Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, профессор қызметін атқарды. Ғалымның ұсынысымен кафедрада аспирантура мен магистратура бөлімдері ашылды. 2000 жылдан бастап университет жанынан М.Серғалиевтің басшылығымен қазақ тілі мен орыс тілінен кандидаттық диссертация қорғайтын диссертациялық кеңес жұмыс істеді. М.Серғалиев 30 жылдан астам уақыт ҚазҰУ-дың, кейін ЕҰУ-дың студенттеріне қазақ тілінің стилистикасынан дәріс оқыды. Ол – қазақ тіл біліміндегі танымал синтаксис мамандардың бірі ретінде ана тілін ардақтап, әдебиетін әспеттеген ғалым.
М.Серғалиев тіл мен әдебиетті тел емген ғалымдар тобын дайындап шығарды. Синтаксис пен стилистика саласына қатысты кандидаттар ғана емес, докторлық диссертациялар қорғауға жетекшілік жасады. Мырзатай Серғалиұлы дайындаған ғалымдар осы күні республиканың түкпір-түкпірінде қазақ ғылымына зор үлес қосып келеді.
Көрнекті ғалымның қазақ тілінің синтаксисі мен стилистикасына арналған «Синтаксистік синонимдер» (1981), «Етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» (1991), «Синтаксис және стилистика» (1997), «Синтаксистік зерттеулер» (2004), тіл мәдениеті және көркем әдебиет тілі туралы «Қазіргі қазақ әдеби тілі (морфология, синтаксис»), (телавт., 1991), «Көркем әдебиеттің тілі» (1995), «Қазақ тілі мәдениеті» (М.Балақаевпен бірге, 1995, 2004) және тағы көптеген оқулықтың авторы.
«Сөз сарасы», «Көркем әдебиет тілі», «Кең өріс», «Ой өрнегі» сияқты сыни талдау кітаптары эстетикалық талғамға тәрбиелейтін кітаптар ретінде көзіқарақты оқырманның лайықты бағасын алған.
Мырзатай Серғалиев сөздік жасаушы ғалым ретінде де танымал. «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996) сөйлеу тілінің сұлулығы мен тазалығын сақтауға көмек беретін негізгі ғылыми дүние. Ал аударма сөздіктер екінші тілді оқып үйренуге, тілдерді оқыту, үйрету процесінің тиімді жолға қойылуына тікелей ықпал етеді. М.Серғалиұлы – орысша-қазақша сөздік құрастырушы. Мәселен, «Орысша-қазақша сөздік» пен «Қазақша-орысша сөздікті» (2004) оқырман қауым зор ықыласпен пайдалануда. Профессор М.Серғалиевтің лингвистика саласындағы зерттеулері стилистика мен тіл мәдениеті саласына арналған. Ұстазы, көрнекті ғалым М.Балақаевпен бірге «Қазақ тілінің мәдениеті» оқулығының (1995, 2004, 2006) «Тіл мәдениетінің негізгі сапалары» атты тарауын жазды. «Сөз өнері» (1978), «Жазушы және сөз мәдениеті» (1983) сияқты академиялық жинақтарында мерзімді, ғылыми баспасөз беттері мен республикалық конференцияларда өзекті жайларды сөз ететін пікірлері де осы мәселені қозғайды.
Көп жылдар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да стилистика пәнінен дәріс жүргізді. «Стилистика негіздері» атты оқулық жазды. Ұстазы М.Балақаев зерттеген синтаксис, сөз тіркесі, орфография, емле, тіл мәдениеті, қазақ әдеби тілінің мәселелері, стилистика саласына қатысты ғылыми бағыттарды ары қарай дамытты. Ол өзінің ғылымдағы ұстазының «ана тілін сүйіңдер», «ана тілінің мәдениетін көтеріңдер» деген қағидасын адал орындаған шәкірті.
М.Серғалиевтің өнегелі өмірі мен ғылымдағы ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ғалым ғылым саласында, күнделікті өмірінде ғылымның қия шыңын бағындыруға, заман талабына сай ізденістерімен оның бағдарын көзінен таса етпеді. Қоғамдағы тіл мен әдебиетке қатысты руханиятымыздың алуан мәселесін бақылап жүретін сергек жан еді. Ғылым мен білімнің үзік сырларын әдебиет сыншысы, тілші ғалым, публицист ретінде де жазып, қалың оқырманға жеткізуді ұмытпайтын.
Дина ӘЛКЕБАЕВА,
ҚазҰУ-дың профессоры