Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні аясында «Әлем музейлері – әлем кереметі» тақырыбында іс-шара өтті.
Музейлер тарихи-ғылыми деректерді, көне заман ескерткіштерін, олардың үлгі-нұсқаларын, мәдени мұраларды зерттеп жинақтаушы, сақтаушы әрі насихаттаушы қызметін атқаруда.

Бүгінде білім ордасының Ректораты орналасқан ғимаратта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихы бас музейі жұмыс істейді. Онда университеттің ғасырға жуық тарихы мен рухани мұраларына қатысты жәдігерлер, тарихи құжаттар мен фотосуреттер сақталған.
Биылғы іс-шараға негізінен жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің студенттері тартылды. ҚазҰУ-дың дайындық факультеті құрылғаннан бүгінге дейін әлемнің 100-ден астам елінен келген 7000-нан аса шетелдік білім алды. Тіл үйреніп, білімін шыңдаған факультет түлектері қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде өз мемлекеттерінде, халықаралық ұйымдарда, елшіліктер, білім, ғылым саласында жемісті қызмет етуде.

Іс-шара аясында білім алушы жастар ҚазҰУ тарихы музейін аралап, өздері дайындаған «Әлем музейлерінің тарихы мен дәстүрі» тақырыбындағы бейнероликтер мен жобалардың таныстырылымын өткізді. Сонымен қатар студенттерге әлем музейлері бойынша онлайн-көрме ұсынылды.



Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі