Жаңалықтар

ҚазҰУ Қытайдың жетекші ЖОО-ларымен байланыс орнатты

19.05.2023

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында Сиань қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығын ашты. Ресми шарадан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы –Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен және институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Қытай мұнай университетінің канцлері Чэнь Фэнмен, ҚХР Ғылым академиясы жанындағы Шыңжаң экология және география институтының бас директоры Юанминг Чжанмен және Шэньчжэнь университетінің вице-президенті Сюэцзи Чжанмен кездесіп, академиялық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың негізгі бағыттарын айқындайтын келісімдер орнатты.

Келісім аясында тараптар ғылыми жарияланымдармен, ақпараттармен, оқытушылар құрамы және ғалымдармен, студенттермен алмасуды, ортақ конференциялар өткізуді, сондай-ақ бірлескен зерттеулерді іске асыратын болады.

ҚХР Ғылым академиясы жанындағы Шыңжаң экология және география институты соңғы 60 жылда халықаралық, ұлттық және провинциялық деңгейлерде 300-ге жуық марапатқа ие болған. Соңғы 20 жылда институтта 176 монография, 4775 ғылыми жұмыс, 165 патент, бағдарламаларға 90 авторлық құқық алынды. Институт өзге ұйымдармен бірге алты халықаралық құрғақ жерлерді зерттеу орталығын және Орталық Азияның экологиялық мониторинг желісін құрды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жерді қашықтықтан зондтау орталығы жұмыс істейді. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында серіктестік аясында ҚазҰУ мен Шыңжаң экология және география институты бірлесіп арнайы зертхана ашады. Бұл зертханада геоақпараттық жүйелер және ғарыштық суреттер негізінде алынған мәліметтерді қолдану арқылы түрлі талдау жұмыстары жүргізіледі. Аталған жұмыстар арқылы ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, климаттың өзгеруі, экология секілді салалардағы қауіптің алдын алуға көмектеседі.

ҚазҰУ Шэньчжэнь университетімен бірге келісім шеңберінде медицина және биотехнология саласы бойынша жұмыстар атқаратын болады. 1983 жылы негізі қаланған жоғары оқу орнында бүгінде 35 мыңнан астам студент білім алады. Шэньчжэнь университеті Academic Ranking of World Universities 2022 халықаралық рейтінгінде 201-орынға, QS World University Rankings 2023 рейтингінде Топ-600 қатарында және QS Asian University Rankings 2023 халықаралық рейтингінде 124-орынға ие.

1953 жылы ашылған Қытай мұнай университетінде қазіргі таңда 16 мыңға жуық студент білім алуда. Оқу ордасы әлемге әйгілі университеттермен және кәсіпорындармен бірге 13 халықаралық институт ашты. Жоғары оқу орны 60-тан астам университет және институттармен серіктестік орнатқан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытай мұнай университетімен бірлесіп меморандум шеңберінде студент алмасу, білікті мамандар даярлау, ғылыми бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын болады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі