Жаңалықтар

Ұлттық кадр даярлаудың ұйытқысы еді

22.05.2023

Дипломатияның және біздің ғылым мен білім тари­хында өз есімін алтын әріппен жазып кеткен адамның бірі Төлеген Тәжібаев еді. 2020 жылы осы ұлы адамның 110 жылдық мерейтойын сол кездегі пан­демияға байланысты ойдағыдай атап өте алмадық. Мемлекет қайраткері, психология ғылымының докторы, профессор, академик Т.Тәжібаев 1948-53 жылдары Қазақ университетінің ректоры болған еді. Ол сондай-ақ 1944-57 жылдары ҚазССР Сыртқы іс­тер министрі лауазымды қызметін атқарды. Оның Қазақ еліне жасаған игілікті істері ұшан-теңіз десек, артық айтқандық емес. 

Төлеген Тәжібайұлы 1910 жылы Шымкент облысының Сүт­кент ауылында дүниеге келген. Педагогика ғылымының докторы, Қазақстан ҒA академигі. 1935 жылы Мәскеудегі коммунистік тәрбие академиясын, одан кейін аспирантурасын бітірген. 1938-40 жылдары ҚазПИ-да кафедра меңгерушісі, 1940-44 жылдары халық ағарту комиссары, 1944-57 жылдары ҚазКСР Сыртқы істер министрі, 1948-53 жылдары С.Киров атындағы ҚазМУ-дың рек­торы, 1957-61 жылдары КСРО-ның Үндістандағы елшісі, 1961-64 жылдары ҚазМУ-да Пе­да­гогика және психология кафе­дра­сының меңгерушісі қыз­мет­терін атқарған. Ол педагогика ғы­лымы саласында Қазақ­стан­дағы тұңғыш доктор және ака­демик. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі II-IV шақырылымдарының депу­та­ты. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапат­талған.

Көрнекті ғалым, қазақ психо­ло­гия ғылымының негізін қалау­шы, қазақтан шыққан алғашқы дип­ломаттың бірі болған ұлы ұстазымыз Төлеген Тәжібаевтың әрбір қоғамдық ісі мен ғылыми-педагогикалық қызметі бүгінгі ұрпағымызға үлгі-өнеге болып қалды.

Төлеген Тәжібайұлы Қазақ ССР Сыртқы істер министрі болып тұрған кезде мынадай оқиғалар болған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1944 жылдың 1 ақпанындағы заң­ын­да әрбір одақтас респуб­ли­ка шетелдік мемлекеттермен ті­ке­лей қатынас жасай алатын құ­қыққа ие болған еді. Осы жағ­дайды пайдаланып, сыртқы іс­тер министрі болғандықтан, Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдауға күш салады. Әрине, бұл Кеңес өкіметі басшыларына ұнамады. Сондықтан олар кедергі жасады да, Қазақстан БҰҰ-ға мүше бола алмай қалды.

Оның үстіне 1947 жылдан бас­тап Кеңес өкіметі одақтас рес­публикалардың шетелдермен бай­ланыс жасайтын құқығын шек­теп тастады. Соның нәти­же­сінде Сыртқы істер минис­тр­лі­гіндегі кадрлар штаты қыс­қар­тылғаны сонша – барлығы алты адам ғана қалды. Олар: министр, оның көмекшісі, бірінші және екінші хатшылары, есепші мен көлік жүргізуші. Министрліктің қар­жы мәселесін де Қазақ КСР Министрлер кеңесіне өткізді, оған дейін КСРО Сыртқы істер министрлігінің құзырында еді.

Қазақтың ардагер ұлы, мем­ле­кет қайраткері, ғалым, дипло­мат­тың елімізді БҰҰ-ға мүше ету арманы 1992 жылы Қазақстан егемендік алған соң орындалды.

Сол 1944 жылы Қазақ КСР-ін­де сыртқы істер бойынша Нар­ко­мат (Халық комиссариаты) ашы­ла­тын болғандықтан, жаңа ма­­ман­дарды өзімізден дайын­дайық деген оймен Т.Тәжібаев Мәс­кеудегі Сыртқы істер минис­тр­лігіне қарасты Жоғары дип­ло­ма­тия мектебіне (ВДШ) Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті бю­росының шешімімен 11 адам­ды оқуға жібереді. Олардың бе­сеуі Жоғары партия мектебінің Дипломатиялық бөлімінде оқы­ған. Сол білімді дипломаттар ҚазКСР Халық комиссариатының сыртқы істер бөлімінде қызмет етті.

Төлеген Тәжібайұлы маман даярлауға, соның ішінде ұлттық кадр­ларды даярлауға өмір бойы белсене араласты. 1945 жылы Жоғары дипломатия мектебіне үш адам, Халықаралық қатынас­тар (МГИМО) институтына да үш адамды оқуға жібереді. Соның бірі Мәлік Фазылов еді. Мәлік Сабырұлы – Т.Тәжібаев даяр­ла­ған дипломаттардың арасындағы ең көрнектісі. Ол 1951 жылы МГИМО-ны бітірген соң, Қазақ КСР министрлігінде Т.Тәжібаев­тың бірінші хатшысы болып қыз­мет атқарды. Жетпісінші жыл­дар­дың басында азғана уақыт Қазақ­станда сыртқы істер ми­нистрі болды. Өмір бойы Африка (Марокко, Мали) елдерінде Кеңес Одағының елшісі қызметін ат­қар­ды. Қазір оның немересі Фран­цияда төтенше және өкілетті ел­ші. Ал немере қызы МГИМО-ны үздік бітірген дипломат, Мәс­кеу­дегі елшілікте қызмет атқаруда (Т.Тәжібаевтың Фазыловтан ке­йінгі көмекшісі Нұрулла Сағын­дықов болған екен).

Дипломат, генерал-пол­ков­ник Т.Тәжібаев сыртқы істер қыз­метінде жүріп, 1950 жылы Бірік­кен Ұлттар Ұйымында алғаш рет ағылшын тілінде сөйлеген қазақ баласы. Кейінірек қайраткер тұл­ға 1956-57 жылдары сол жерде бірнеше рет баяндама жасаған. Оның жағымды қоңыр дауысы әлі күнге дейін сақталған, рақат­та­нып тыңдауға болады.

Жоғарыда аты аталған Мәс­кеу ЖОО-ларында мемлекет қай­рат­керлерінің қамқорлығы ар­қа­сында 30-дан аса адам оқып шығып, белгілі дипломат қазақ атал­ды. Олардың қатарында Д.Ис­мағұлов, Ж.Тналин, А.Туған­баевтар Қазақ КСР Сыртқы істер ми­нистрлігінде, ал Кеңес Ода­ғы­ның Ирандағы елшілігінде С.Діл­дә­беков, Суданда К.Баймұратов, Венгрияда С.Раймбеков сынды дипломаттар қызмет етті.

Төлеген Тәжібайұлы Қазақ КСР сыртқы істер министрі қыз­ме­тін атқара жүріп, 1948-53 жыл­дары Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болды. Ол көптеген ғалымдарды тәрбие­ле­ді. Солардың қатарында Қ.Жа­рық­баев, Ж.Түркпенұлы сияқты шәкірттерін ерекше атап өтуге міндеттіміз.

Т.Тәжібаевты танитын адам­дар­дың қайсысы болса да, ол кісі туралы тебіреніп естеліктер айта­ды. Көп естелік айтқандардың ішінде ф.ғ.д., профессор Ғұбай­дул­ла Айдаров пен профессор Жұмаш Ешмұратов болды. Ауыл мектебінде мұғалім болып жүр­ген жерінен ҚазМУ-ға шақырып алып, аспирант етіп қабылдағаны туралы Ғ.Айдаров былай деп еске алған еді: «Ол ерекше бауырмал және өте іскер профессор екен. Бірнеше кездесуден соң, «Айна­лайын, қолыңнан іс келетін, жаза бі­летін бала екенсің. Сен сияқты ғылымға икемі бар дарынды қазақ балалары аз. Сен бізге қажетсің. Маған аспирант болып кел. Алғашқы кезде материалдық қиындық болмайды емес, бо­лады. Өйткені аспиранттың сти­пендиясы көп емес. Ал сен ауыл­да мұғалімнің жетіспеу­шілі­гінен бір емес, екі ставка сабақ бере­сің. Завуч, директор боласың, қыс­қасы, жағдайың жақсы. Қиыншылық болмай қоймайды. Әрине, өзім көмектесем, аздап сағат бөліп, лекция оқытармыз. Бес жыл соғыста болып, талай тауқыметті көрген ер жігітсің ғой, шыдайсың», – деп, мені аспиран­ту­раға алды», – деп ерекше тебі­реніп айтқан талай әңгімелерін тыңдадық.

Ал Ғ.Айдаровтың түркі руни­ка­лық жазуының маманы болғаны белгілі. Тоғыз баланың әкесі, ф.ғ.д., профессор Ғ.Ай­да­ров­тың «Ең болмаса бір ба­ламды Төлеген Тәжібаев ұста­зым секілді дип­ло­мат етсем» де­ген арманы Қа­зақ­стан еге­мендік алған жылдары жү­зеге асты. Оның бір баласы, Наурыз Айдаров – дипломат.

Шәкірті көп ғалым бақытты болса, Төлеген Тәжібаев атамыз бақытты шығар. Әрине, көбі орын­далмай, арманда кетті. 1964 жылы Мәскеуде опера­ция­дан қайтыс болмағанда, бәлкім, Қа­зақстанның тәуелсіздігін кө­рер ме еді... Қорыта айтқанда, Тө­леген Тәжібаев бауырын жа­зып көсіле шаба алмаған тұлпар сияқты дүниеден жарқ етіп өте шыққан ұстазымыз еді...

 Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

Т.Тәжібаев атындағы этно-психология

оқу-зерттеу орталығының атқарушы директоры, т.ғ.к.