Жаңалықтар

Жасыл әлемнің қыр-сырын зерттеуші

23.05.2023

Көшбасшы университетімізде білікті мамандар аз емес. Солардың арасында көпшілікке үлгі болатын өз ісінің майталмандары жетіп-артылады. Сондай кәсіби маманның бірегейі – биология және биотех­но­логия факультеті Биоалуантүрлілік және био­ре­сурстар кафедрасының ұлағатты ұстазы, көрнекті ғалым, тек ботаника саласында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның білім беру ісінде де танымал, биология ғылымының кандидаты, доцент Әбибулла Әметов.

XX ғасырдың 60-жылдары сол кездегі елдегі жалғыз уни­вер­ситетте терең білім алуға тал­пын­ған қазақ жастары көп болды. Әби­булла Әметұлы жүзден жүй­рік, мыңнан тұлпар атанып оқуға қа­былданды. 1967 жылы «Бо­та­ника» мамандығы бойынша оқу ордасын аяқтады. Ауылдан кел­ген жас жігітке алғашқы кезде са­бақ біраз қиыншылық ту­ғыз­ғаны да анық. Өйткені ол кезде көптеген пәндерден қазақтілді мамандар жоқтың қасы еді. Ал­дына үлкен мақсат қойған Әби­булла барлық ауыртпашылықты же­ңіп оқу озаты атанды, тіпті са­бақтан қолы бос кезде ғылыми жұмыстармен де айналысып, жа­сыл әлемнің қыры мен сырын зерттеуге бел буды.

Болашақ академик ҰҒА-ның вице-президенті болған, Одақ кө­лемінде ризология ғылымын да­мытуға үлкен үлес қосқан Иса Бай­тулиннің ұсынысымен өсім­діктің маңызды органдарының бірі – тамыр жүйесін зерттеуді қол­ға алды. Осы салада Әбибулла Әметұлы Қазақстанның ботаника ғылымының дамуына ерекше үлес қосты. Кәсіби маман болып шығуына өзі білім алған универ­си­теттегі ұстаздарының еңбегі, өзінің жаңалыққа деген талпы­ны­сы зор болды. 1968-1971 жж. Ботаника кафедрасының аспи­ран­ты атанды. 1974 жылы кан­дидаттық диссертациясын ойда­ғы­дай қорғады.

Әбибулла Әметұлын 1981 жы­лы факультет басшылығы педа­го­гикалық жұмысқа шақырды. Ұзақ уа­қыт биология факультетінің Бо­таника кафедрасында ассис­тент, аға оқытушы, доцент, про­фес­сор міндетін атқарушы ре­тінде қызмет атқарып келеді.

Көрнекті ғалымның қаламы­нан туған жүздеген ғылыми ең­бегі бір төбе де, орта мектепке және жоғары оқу орындарына ар­нап жазған «Ботаника» оқулық­та­рының өзі бір төбе. Оған дәлел – ЖОО-ға арнап жазған оқулық­тың бірнеше мәрте баспадан шы­ғуы. Сонымен қатар Әбибулла аға­мыздың әрі әріптесіміздің жетек­шілігімен қаншама ба­ка­лавр, магистранттар дипломдық жұмыстарын, диссертацияларын ойдағыдай қорғап, өмірден өз орнын тауып жатқанына куәміз. «Білімі көп адам құралы сай ұста секілді: не істесе де, келістіріп істейді», – деген Ахмет Байтұр­сынов­тың сөзі әріптесімізге ар­нал­ғандай сезінеміз. Ә.Әметұлы өз ісіне қатал талап қоя білетін, сексеуілдің тамырындай терең білімін (өйткені ризолог-ғалым ғой) жастарға толықтай беруге шаршамайтын ғалым-ұстаз. Мәселен, студенттерді түрлі та­биғи биотоптарға экскурсияға шы­ғарып қана қоймай, онда жи­наған өсімдіктерді анықтап, рет­ке келтіру, гербарий жасау, бі­лімдерін тексеру, ақыл-кеңес бе­ру және т.б. өте маңызды іс еке­ні белгілі. Осы салада да Ә.Әметұлы тынымсыз еңбек ет­кені бәрімізге аян. Десе де, оқу-да­лалық практикасына баратын 300-ден астам студентке өсімдік­терді анықтау кезінде күні бойы жәр­дем беруі де, бір өзі 3-4 бота­ник­тің атқаратын жұмысын атқа­руы да оның өз ісіне шын бе­ріл­генін көрсетпей ме?

Әбибулла Әметұлы кафедрада 40 жылдан астам еңбек етуде. Көрнекті ғалым әрі ұлағатты ұстаз 200-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, оның ішінде 2 монография, 7 оқулық, 10 оқу құралы, «Өсімдіктер система­ти­касы» бойынша (қазақ және орыс тілдерінде) екі тест тапсырма жиынтығы жарық көрді.

Ол әріптестеріне, шәкіртте­рі­не, білім алушыларға көмегін еш уа­қытта аямайтын, ақыл-кеңес беру­ден жалықпайтын, кез кел­ген жағдайда қол ұшын беруге дайын тұратын нағыз азамат. Осы кезде Уильям Уордтың «Жай мұғалім айтады, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көр­сетеді, ұлы мұғалім шабыт­тан­дырады» деген сөзі еріксіз еске түседі. Осы сөздің соңғы екеуі әріптесіміздің табиғатын ашып тұр десек, артық болмайды. Өйт­кені осы екі қасиеттің екеуін де Ә.Әметұлының бойынан әр уа­қытта табуға болады.

Зерделі ғалымның жетек­ші­лігімен бір кандидаттық, бір РhD ғылыми дәреже алуға арналған диссертация қорғалды. Қазір «8D051808 – Геоботаника» ма­ман­дығы бойынша 4 РhD док­то­рант дайындау үстінде. Ұлағатты ұстаз докторанттарға «Жергілікті флора», «Өсімдіктер интро­дук­циясы», «Геоботаниканың өзекті мә­селелері», «Өсімдіктер гео­гра­фиясы», «Индикациялық гео­бо­та­ника» және т.б. курстардан дәріс оқиды. Әбибулла Әметұлы бо­та­ника және геоботаника сала­сын­дағы өзекті мәселелерді шешуде «Биологические особенности, сов­ременное состояние и охрана ценопопуляций некоторых ред­ких видов растений Алматинской об­ласти» (2011-2014 жж.), «Бо­та­нические исследования неко­то­рых перспективных видов из семейства Polygonaceae Juss. (род Polygonum L.) местной фло­ры» (2012-2014 жж.), «Оценка сос­тояния ценопопуляций неко­то­рых редких, лекарственных ви­дов растений Заилийского Алатау с использованием ботанических и молекулярно-генетических ме­то­дов» (2015-2017 жж.) ғылыми жо­баларына жетекшілік етті.

Әбибулла Әметұлы – адам­гер­шілігі мол, білімпаз, отаншыл, ұлтжанды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, қазақша айтқанда: «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Өте әңгімешіл. Елдің тарихы мен дәстүрін терең білуші, көсемсөздің қас шебері, шежіреші.

 Бірлікбай ЕСЖАНОВ,

б.ғ.к., доцент

Әсел ЧИЛДИБАЕВА,

PhD, аға оқытушы