Жаңалықтар

ҚазҰУ-ға Иранның ғылым, зерттеу және технологиялар вице-министрі келді

24.05.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Иран Ислам Республикасының ғылым, зерттеу және технологиялар вице-министрі Вахид Хаддади-Асл мырза келді.

Құрметті қонақты қарсы алған Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Нұржан Айдосов Алматыдағы Иранның Бас консулдығына ҚазҰУ мен Иранның жоғары оқу орындары арасындағы білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Келіссөздер барысында Нұржан Айдосов университеттің қызметі мен жетістіктеріне тоқталды.

Зерттеу университеті дәрежесіндегі ҚазҰУ-дың бүгінде Түркия мен Қырғыз Республикасында филиалдары жұмыс істейді. Әлемнің бірқатар елдерінде Әл-Фараби ғылыми және мәдени-білім беру орталықтары ашылған. 1991 жылдан бастап ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде 170 бакалавр, 25 магистрант және төрт PhD докторы бітірген ирантану бөлімі табысты жұмыс істейді.

ҚазҰУ Иранның Тегеран, Шахид Бехешти, Гуйлиан университеттерімен гуманитарлық және мәдени зерттеулер институтымен, Шахез Пажу ғылыми-зерттеу институтымен, Саади қорымен және тағы да басқа бірнеше мекемемен тоғыз келісім жасасты.

Бүгінде университет ирандық серіктестермен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамытуды, әл-Фараби мұрасын зерттеу жөніндегі бастамаларды қолдауды, сондай-ақ парсы тілін меңгерген жоғары білікті кадрларды даярлау ісін жетілдіруде.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасының ғылым, зерттеу және технологиялар вице-министрі Вахид Хаддади-Асл ҚазҰУ-мен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында тараптар пікір алмасып, ғылым мен білім саласындағы серіктестікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі