- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Педагогикалық практиканың берері мол
29.05.2023Филология факультеті Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері академиялық күнтізбеге сәйкес, Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта педагогикалық практикадан өтті.
Осы уақыт аралығында студенттер өздеріне бөлінген пән оқытушыларымен бірлесе оқу бағдарламалары мен оқу жоспарын (ОМЖ, ҚМЖ) құруды, жеке пәндер әдістемесі бойынша әдістемелік папка жасауды үйренді. Сондай-ақ оқу-әдістемелік технологиялармен танысып, көрнекі құралдармен жұмыс істеуді, тәрбие жұмысын жоспарлау, оны қалай ұйымдастыру керектігі туралы т.с.с. әдіс-тәсілдерді меңгерді. Мектеп тарапынан практика жетекшісі Майра Мәліктің студенттерді практика жұмысына баулу, оқу, оқыту әдістерін түсіндіріп, ұйымдастыру барысында атқарған еңбегі зор. Студенттермен жұмыс істейтін сынып жетекшілері мен пән оқытушылары біздің студенттердің білімділігіне, алғырлығына, тиянақты жауапкершілігіне дән риза. Ұстаздық мамандықты жүректерімен қалаған студенттер армандарының орындалуына бір қадам жасау мақсатында сынып оқытушыларының сабағына қатыса жүріп, пассив практика екеніне қарамастан, өздерінің қабілетін сынап көру үшін пән оқытушыларына өтініш жасап, ашық сабақ өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Студенттер өткізген ашық сабаққа пән оқытушыларымен қатар, практика жетекшілері де қатысты. Сабақ барысында студенттер оқушылардың өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыру, жеке және топпен жұмыс істеу, оқушылармен ойын әрекетін ұйымдастырып, олардың сабаққа қатысу қызығушылығын, белсенділігі мен ынтасын арттыратын әдіс-тәсілдерді шебер пайдалана білді. Сабақты түрлендіріп, жаңа технология элементтерін пайдаланды. Пайдаланған көрнекілік құралдары да эстетикалық талапқа сай.
Сонымен қатар ашық сабақ, тәрбие сабақтарын өткізу кезінде әрбір студенттің өзіне сенімді болуы, өздерін еркін ұстауы, жауапкершілікті сезіне отырып, бекітілген уақытты тиімді пайдалана білуі мектеп ұстаздарының ризашылығын туғызды. Талантты студенттерді болашақта мектепке, ұстаздық қызметке шақырамыз деген ойларын да жасырмады. Мектеп ұстаздары осындай білімді студенттерді тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып жатқан филология факультетінің, соның ішінде Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұжымына алғыстарын білдірді.
Студенттердің бойынан жауапкершілікпен қатар, ұстаздық мамандыққа деген сүйіспеншілік пен талпыныстарын байқап, көңіліміз марқайып, риза болдық. Оларға сәттілік тілеп, армандарың орындалсын деген ақжарма тілегімді білдіремін.
Ардақ САРГЕЛТАЕВА,
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушысы