- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тарихи тұлғалардың қоғамдағы орны қандай?
30.05.2023ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұйымдастыруымен «Тарих ғылымы және тарихи тұлғалар: жаһандану тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мұндағы мақсат – әлемнің тұрақты даму тұжырымдамасы аясындағы отандық тарих ғылымының орнын анықтау.
Конференцияға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолияның ғалымдары мен баспагерлері, отандық ғалым ұстаздар: Алматы, Қарағанды, Астана, Шымкент т.б. университеттерінің профессорлық-оқытушы құрамы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары қатысты. Баяндамашылар тарих ғылымының өзекті мәселелерін, тарихи тұлғалардың қоғамдағы орны туралы ойларын ортаға салды.
И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті Арабаевтану орталығының директоры, тарих ғылымының кандидаты Ж.Байдилдеев «Қырғыз-қазақ интеллигенцияларының байланыстары», М.Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті Дүниежүзі тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымының докторы Б.Хайназаров «Өзбекстандағы Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасының тарихи мұрадағы орны», осы университеттің тарих ғылымының докторы, Дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Д.Ураков «Тарихи білімді дамытудағы әл-Фарабидің ғылыми еңбектерінің рөлі» атты баяндама жасады.
Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты Ф.Шамшиденова Қазақстан тарихнамасындағы «жаңа бағыттың» ұстанымдары туралы баяндады. «Жаңа бағыттағы» еңбектер ХХ ғ. 60-80 жж. бастау алып, қазіргі кезге дейін жалғасып жатқанын сипаттады. Жинақталған еңбектерді жазуда баспасөздегі пікірталастарда тарихшылардың «жаңа бағытқа» деген көзқарасының маңызды екені сараланды. Қазіргі кезде ғылымның қоғам өміріндегі рөлінің өзгеруімен өткенге сыни көзбен қарап, жеке тұлғаны тұтас әлеуметтік қатынас жүйесінде кең түрде көрсетуге мүмкіндік бар, бұл тарихи персоналистиканы терең қарастыруға ынталандырады.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Дүниежүзі тарихы және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы И.Хлебников «Тарих ғылымындағы әлеуметтік мәдени қауымдастық ұғымы: концептуалды аспект» атты баяндамасында деидеологизацияланудың ғылымға әсерін сипаттады.
Конференция онлайн және офлайн платформасында өтті. Оның жоғары деңгейде өтуіне факультет деканы С.Суатай, кафедра меңгерушісі С.Сартаев көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ кафедраның ұйымдастыру комитеті, тарихшы ғалым-ұстаздар белсенді түрде атсалысты.
Айша БЕГАЛИЕВА,
Рахила НАРАЛИЕВА,
аға оқытушылар