Жыл басынан бастап филология және тарих факультеттері бірігіп түрлі тақырыпта конференциялар өткізіп келеді. Конференция мақсаты – студенттерді әр қырынан ашып, өздігінен қорытынды жасай алуға, ізденуге мүмкіндік беру.
Осындай тағылымы мол конференциялардың бірі Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығына орай ұйымдастырылып, филология факультеті «Әдебиеттану және қолданбалы тіл білімі» мамандығының 1-курс студенттері ерекше форматта атап өтті. Бұдан студенттердің ғылыми бағытқа бейімделіп келе жатқанын көруге болады. Себебі тың, мазмұнды ақпараттарды тауып, қосымша мәліметтерді ұсына білді. Студенттер реферат, презентация, схема, карта позициялары бойынша Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығын талдап, өзара пікір алмасып, еркін форматта ой айта алатындай деңгейге аяқ басып келе жатыр. Олар Ясауи мен Арыстан баб арасындағы байланысты әсерлі көрініс арқылы жеткізе білді. Сонымен қатар студенттер бабамыздың мәдени мұралары әлі күнге дейін сақталып келе жатқаны жайында баяндап, көпшілікке көрсетті. Бұл студенттердің ізденімпаз екенін аңғартты. Карта бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы жоғары оқу орындары, көшелер және киелі Түркістан мекеніндегі кесенесін көрсетті. Конференция барысында жас ақындарымыз Қ.А.Ясауи бабамыздың рухына арнап өлең жолдарын оқыды.
Бұдан өзге, кітап көрмесі өтіп, көпшілік Қ.А.Ясауиге арналған еңбектермен танысты. Кеш соңында қонақтарға білім қазынасы – кітап сыйға тартылды.
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Перизат БАЛҒЫНБАЕВА,
филология факультетінің 1-курс студенті