Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарихшы-ғалым, профессор Талас Омарбековтің 75 жылдығына және қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Тарихпен өрілген тағдыр» атты конференция өтті.

Шара «Ғибратты ғұмыр: Талас Омарбеков» атты кітаптың тұсаукесерімен басталды.

Конференция жұмысына белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Іс-шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, Талас Омарбековтің ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған баяндамалар тыңдалды. Әріптестері мен шәкірттері естеліктерімен бөлісті.

Көрнекті ғалым Т.Омарбеков Қазақстан тарихын жаңа бағытта зерттеп, іргелі еңбектер жазып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды.
Ғалым 2001 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ежелгі және ортағасырлық тарих кафедрасын басқарып, университеттің «Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу» республикалық ғылыми-зерттеу орталығын құрды.

Профессор Т.Омарбеков Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағат қорларын пайдалану құқығына ие болған алғашқы тарихшылардың бірі болды. Бұл жұмыстың нәтижелері мақалаларында, ғылыми еңбектерінде көрініс тапты. Ғалымның жетекшілігімен 34 кандидаттық, 7 докторлық және 3 PhD-диссертация қорғалды.

Ұлт тарихының ақтаңдақтарын аршыған ізденістерінің нәтижесінде беделді марапаттарға ие болды.


Ғалымның еңбектері Қазақстан тарихының бай мұрасы болып қала бермек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі