Жаңалықтар

Ұлттық рух пен сананың жаңғыру күні

31.05.2023

Кез келген мемлекеттің қазіргі заманға сай дамуы мен тарихи тәжірибелері тек экономикалық және саяси жағдайымен ғана емес, сондай-ақ мәдени құрылыс тәжірибесімен танылады. Осы орайда, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы әкімшіл-әміршіл жүйенің қыспа­ғы­на ұшырап жазықсыз жапа шеккен ел азаматтарының есімін естен шығармағанымыз абзал. Олардың әрқай­сы­сы сол тұста Қазақ елінің болашағы мен ұлт ретінде қалыптасуы үшін қалтқысыз қызмет жасап және сол жолда құрбан болды.

Олардың есімін халық жа­дын­да сақтау мақсатында тұңғыш пре­зидент Н.Назарбаевтың тіке­лей жарлығымен 1997 жыл «Жал­пыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу жылы» болып бекітілсе, ал саяси қуғын-сүргінге жазық­сыз ұшыраған тұлғаларды жас ұрпақ мәңгілік есте сақтау үшін 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленгені баршамызға мәлім.

Шынында да, кеңестік қоғам тұ­сындағы қазақ тарихының қай­ғысы мол, қасіреті ауыр парақ­та­ры жеткілікті. Қазақстанның ха­лық жазушысы Ә.Кекілбаев айт­қандай, «Адам да, қоғам да ешқашан өз тағдырына өзі енжар қарап көрген емес». Сондықтан тарихи құбылыстардың ел сана­сын­да мәңгілік сақталуының сы­ры осында жатса керек. 1920 жыл­дардың басында елдегі ре­прес­сиялық саясаттың күшті жа­за­лаушы механизмі қалыптасып, 1930 жылдар бойына «халық жауларымен» үзіліссіз күрес же­тіл­діріліп отырды. Әсіресе бұл ме­ханизм 1937-38 жылдары үлкен террор кезінде қарқынды жұмыс атқарды. Олардың басынушылық әрекеттері, сот істерін жаппай өң­деп, оларды «жоспарлы» түрде сот­тауға дейін жеткізуі репрес­сия­ның жаппай етек алуына түрт­кі болды. Егер де 1930 жылдың ор­тасында саяси репрессия ор­та­лықтағы және жергілікті жер­дегі сталиндік жетекшілікке қар­сы белгілі және айқын әлеуетті то­бына жүргізілсе, 1937 жыл­дары террор жаппай сипат алды.

1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бастауында қар­қынды қалыптаса бастаған Ке­ңес елінің өз халқына қарсы жүр­гізген бұл саясаты 1937 жы­лы берік әрі күшті заңдық күшке ие болды. Үкімет қаулылары мен партия директивалары КСРО-ның ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма), ІІХК (Ішкі істер халық комиссариаты) тікелей бұйрық­та­ры­мен бекітіліп отырды. Бұл құ­жат­тар өзінің өте қатаң жазалау шараларымен, шексіз жасан­ды­лығымен, кінәлау, кінәсіздерді негізсіз айыптауларымен, контр­рево­люциялық қылмыстарға қа­тысты баптардың нақты емес­ті­гімен ерекшеленгенін білеміз.

Кеңестік тоталитарлық қоғам билік тармақтарын бір-бірімен сабақтастыра байланыстырып, сот билігін саясатқа бағындырды. Сот билігі өзіндік мәртебесінен айырылған тұста өрескел заң­сыз­дықтар етек алып, адам құқық­та­ры аяққа басылды. Бұл негізінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұ­рағаттарындағы құжаттарға қол жеткізу қиындығы, жаса­лын­ған қылмыстың ауқымды әрі қа­тер­лігінде болса керек. Мысалы, 1920-30 жылдардағы қазақ қо­ғамының дәстүрлі әрі табиғи да­муына жат саяси-экономикалық науқандардың қазақ қоғамына үйлесімсіздігін айтқан қазақ зия­лылары жаппай қудаланды.

Бұл 1925 жылдың күзінде Қазақстан басшылығына Ф.Го­лоще­киннің келуімен одан бетер ушығып, өлкені кеңестік өзгеріс­тер­ден тыс қалған деген желеу­мен «Кіші Қазан» төңкерісіне ұласты. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қу­да­лау­мен бірге, «асыра сілтеу бол­ма­сын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен астасып, ұжымдастыру, бай қожалықтарын тәркілеумен жал­ғасты. Тікелей үкіметтің ықпа­лы­мен жүрген бұл саясат 1932-33 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы репрессияға ұласты.

Ал 1954 жылы ел басшылығы үшін жасалған айрықша баян­да­маға сүйенсек, революцияға қар­сы қызмет дегенді білдіретін РКФСР Қылмысты істер кодек­сі­нің 58-бабы бойынша, Кеңес Ода­ғында сотталғандардың жал­пы саны 3 миллион 770 мыңнан ас­там екен. Соның 642 980-і атыл­ған. Тарихшылардың есебі бойынша, 1927 жыл мен 1953 жылдар арасында 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Ал Қазақстан бойынша бұл сан 100 мыңнан асып жығылып, оның 25 мыңнан астамы атылды. Мұндай озбыр саясат тек ел аза­маттарына ғана емес, олар­дың бүкіл отбасы мүшелеріне де қолданылды.

Кеңестік жүйе назарына ілік­кен отбасы мүшелері мұқият тексеруден өткізіліп, олар туралы толық мәліметтер жинақталған. Мәліметтерге сүйене отырып, отбасының сотталған мүшесінің аты, тегі, фамилиясы, қылмыс тү­рі және оның қай кезде жасал­ға­ны туралы анықтама жазылатын болған. Сондай-ақ отбасы құра­мы­ның тізімі (айыпкермен бірге тұра­тын және оның қара­ма­ғын­дағы) және әрбір отбасы мүше­сіне толық мәліметтер жи­нақ­тал­ған. Мәселен, айыпкер аза­маттың әйелі туралы мәлімет бірінші кезекте, содан соң оның 15 жастан асқан балалары тір­кел­ген. Отбасында жасы келген қарт­тар мен кіші жастағы бала­лар­дың күтімі турасында мәлімет топтастырылған. Егер 15 жастан асқан баланың еңбекке жарам­ды­лық бейімділігі болса, оларды арнайы жұмыстарға жіберу үшін мақсатты анықтама жасаған. Ал кіші жастағы балалар арнайы есеп­ке алынған. Толық анық­та­малар жасалып болған соң, олар­ды тұтқындау мен жазалау шаралары орын алған.

Cаяси қуғынға түскен азамат­тар­дың әйелдерінің басым бө­лігін сотталушыны жасырған, сот­та­лу­шының контррево­лю­ция­лық іс-әрекетін білсе де, тиісті билік ор­ган­дарына хабар­ла­ма­ған әйел­дер ретінде жауапқа тарту жиі кездескен. Мұндай са­нат­тағы айыптаулар санаты өте көп­теп кездеседі. Бәрімізге бел­гілі болғандай, қазақ зиялылары жарларының көпшілігі осындай айып­тауларға ұшырап, тіпті олар­дың соңы ату жазасын арқа­ла­ған­дары да кездеседі. Ұлы Отан соғысы жылдары АЛЖИР-де 8 мыңнан астам әйел қамауда отырған. Олардың ішінде маршал М.Тухачевскийдің қарындасы, А.Енукидзенің қызы мен әйелі болса, ал қазақтың беткеұстар аза­маттары Бейімбет Майлин, Тұ­рар Рысқұлов, Сұлтанбек Қо­жанов, Темірбек Жүргенов, Нығ­мет Нұрмақов, Санжар Асфен­дияров, Телжан Шонанов сынды азаматтардың жарлары жоға­ры­да аталған дәлелсіз айыптармен жа­па шекті.

Әрине, олардың біраз бөлігі Н.Хрущевтың тұсындағы «жылы­мық жылдарында» жанашыр туыс­тарының бірнеше мәрте Жо­ғарғы сотқа жазған өтініштерінен кейін ақталғанымен, басым бө­лігінің есімін толығымен жария­лау­ға тек соңғы жылдары ғана мүмкіндік туды.

«Халық жауларының» отбасы, оның ішінде әйел-аналарды қу­ғын­дау шараларының ең со­рақысы – оларды ату жазасына ке­су болды. Олардың қатарынан қа­зақ әйел-аналарының да есім­дерін көре аламыз. Мәселен, Шах­зада Шонанова, Торғай Сүлей­менова және Мәмилә Та­ңа­това. Үшеуі де өте жас және саяси айыптаудың құрбаны болды.

Десек те, еліміздің еңсесі түзеліп, егемендік алған тұста өт­кен тарихтан сабақ ала отырып, жаңа көшке жаңа бағыт, тың идея­лармен қадам бастық. Бү­гінгі қалыптасқан Қазақстан мем­­лекеті де өткеннен сабақ алып, жас ұрпақ санасын ұлты үшін күрескен қайраткерлер, оның көш басында тұрған Ә.Бө­кей­хан, А.Байтұрсынов, М.Ду­латов, Ж.Аймауытов, Т.Рысқұлов, Т.Шонанов және т.б. қазақ зиялы қауымын еске алу арқылы қайта жаңғыртып жатыр. Осыған орай, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық азабын тарт­қан жандарды еске алу күні ұлттық рух пен саяси сананы жаңғырту мақсатындағы ерекше күн ретінде жадымызда ұстау екенін ұғынуымыз керек.

 Гүлжазира ӘБІКЕНОВА,

Қазақстан тарихы кафедрасының қауымд. профессоры, т.ғ.к.

Мәдина БАЙДӘУЛЕТОВА,

аға оқытушы, PhD