Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры Көпжасар Нәрібаевқа арналған ескеркіш тақтаның ашылуына қатысты

03.06.2023

Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаевтың құрметіне орнатылған мемориалдық тақта ашылды.

Ескерткіш белгі академик тұрған Мұқан Төлебаев көшесіндегі №98 үйдің қабырғасына орнатылды.

Ашылу салтанатына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, академик Көпжасар Нәрібаевтың отбасы мүшелері мен туыстары, әріптес-достары, шәкірттері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Құттықтау сөзінде Жансейіт Қансейітұлы қайраткер ғалымның еңбек жолына тоқталды. Сонымен қатар ректор Көпжасар Нәрібаев өз ісіне адал, ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан ұлт зиялысы екенін ерекше атап өтті. 

«Көпжасар Нәрібайұлы ғылыммен қатар, мемлекет ісіне араласып, экономикалық реформаларға атсалысты. Қазақ ССР жоғары және арнайы орта білім министрінің орынбасары, министр  болды. Ғылым академиясының Экономика институтында жұмыс істеді. ҚР Премьер-министрінің білім және ғылым саласы бойынша кеңесшісі болды.

  

Көпжасар Нәрібайұлының ғылыми-педагогикалық еңбек жолының елеулі кезеңі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарған кезеңі. Осы жылдар ішінде университетіміздің халықаралық беделін көтеруге, ғылымды дамытуға күш салды. Университетімізге ұлы ойшыл әл-Фараби есімін беруде үлкен еңбек сіңірді. Іскер басшы ретінде білікті ұжым қалыптастырып, білім сапасын халықаралық талаптар бойынша жетілдірді. Жаңа мамандықтар ашып, ҚазҰУ қалашығын көркейтті. Университет дамуына елеулі үлес қосып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, білікті шәкірттер тәрбиеледі», – деді Жансейіт Түймебаев.  

Профессор Көпжасар Нәрібаев экономика және білім беру жүйесін қалыптастыру бойынша 260-тан астам ғылыми еңбек жазды. Оның 30-ға жуығы  монография, оқулықтар мен оқу құралдары. Көпжасар Нәрібайұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 1991-2001 жылдар аралығында басқарды.

Ғалымның құрметіне орнатылған  ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде ғалым, дипломат Бекжасар Нәрібаев, академик Оразалы Сәбден, экономика ғылымының докторы, профессор Өтеғали Шеденов және т.б. мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымның шәкірттері мен замандастары сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі