Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер және жастар тәрбиесі» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті. Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, отансүйгіштік рухты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Басқарма мүшелері, құрылым басшылары, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Конференция барысында хатшылық кеңсесінің жетекшісі Алтай Қазмағамбетов сөз сөйлеп, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір азаматтың абыройлы міндеті екенін жеткізді.

«Біздің терең тарихымыздан сыр шертер мемлекеттік нышандарымыз кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр», – дей келе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», – деген сөзіне тоқталды. Сондай-ақ білім алушы жастар арасында патриоттық қасиеттерді нығайту, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін құрметтеу жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтті.


Биыл рәміздеріміздің қабылданғанына 31 жыл толды. Еске сала кетсек, еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған болатын.

ҚР Мемлекеттiк туының авторы – Шәкен Ниязбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлiбеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Мемлекеттік Әнұранның сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған – Шәмші Қалдаяқов.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі