Жаңалықтар

Бейбітшілік пен тұтастықтың белгісі

03.06.2023

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттік институттар мен құрылымдар секілді мемлекеттіліктің белгісі, оның ажырамас бөлігі болып табылады. Отыз жылдан астам тарихы бар тәуелсіз Қазақстан Республикасы өзінің егемендік алған алғашқы күндерінен бастап басқа да мемлекеттік құрылымдарын қалыптастырумен бірге, мемлекеттік рәміздерін қабылдауға бар күшін салды. Оның өзіндік тарихы бар.

Мемлекеттік рəміздерді бекіту үшін 1992 жылдың қаңтар айында арнайы жұмыс тобы құрылады. Жұмыс тобы мемлекеттік рəміздерге бəйге жариялап, ең үздік жұмыс жобаларын таңдап алады. Тек қана Мемлекеттік тудың 453 нұсқасы талқыланып, 142 ұсыныс -хат қаралады. Бейбітшілік пен тұтастықтың белгісі ретінде байрақ үшін көгілдір түс таңдалады. Бірнеше талқылаулардан кейін суретші Шəкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Тудың жобасы бекітілді.

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рəміздерінің бірі. Ту ежелден елдің халқын біріктіру жəне оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сəйкестендіру міндетін атқарып келеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран жəне ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Геральдика дəстүрінде əрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мəселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар көк түс түркі мəдениетінде терең символдық мəнге ие. 

Ежелгі түркілер аспанды Тəңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік Туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді. Мемлекеттік Елтаңбаны таңдауда басты белгілер мифологиялық желі мен тарихи салт-дəстүр болды. Оны қабылдау үшін арнайы жұмыс тобы 245 жоба мен 67 жазба ұсынысты қарап шығып, белгілі сəулетшілер – Жандарбек Мəлібеков пен Шот-Аман Уəлиханов салған нұсқаны мақұлдайды.

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы

Елтаңба – мемлекеттің басты рəміздерінің бірі. Елтаңба «герб» термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мəдени жəне тарихи дəстүрін бейнелейтін символдық мəні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дəуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куəлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Əнұраны

Мемлекеттік Əнұранның ең жақсы жобасы байқауына 51 əн, 132 өлең мəтіндері қатыстырылды. 1992 жылы 4 маусымда ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, Жоғарғы Кеңес Мемлекеттік Елтаңбаны, Туды жəне Әнұранның музыкалық редакциясын бекітті. Сөйтіп, бұл күн – тəуелсіз Қазақстан тарихында Мемлекеттік рəміздер қабылданған күн ретінде аса маңызды тарихи сәт болып саналады. 2006 жылдың 6 қаңтарында еліміздің Парламенті Мемлекеттік Əнұранды өзгерту туралы ұсынысты талқылап, əйгілі сазгер Шəмші Қалдыаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты əнін лайық деп тапты. Сөзін дарынды ақын Ж.Нəжімединов жазған.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,

тарих ғылымының докторы

 

 

Егемендіктің алғашқы баспалдағы 

 Қолданыстағы заңнама мемлекеттік рәміздерге Туды, Елтаңбаны және Әнұранды жатқызады. Оларды әзірлеу мен қолдану ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік, ал қасақана бүлдіріп-жойған ретте қылмыстық жауапкершілікке тартады.

Мемлекетті формалды таңбалауды – рәміздер дейміз, бірақ мұны мемлекеттің өмірмәнді белгілерімен (халқы, аумағы, билік жүйесі, салық және әскері) шатастырмаған жөн. Сәйкесінше, оның мәртебесіне төнетін қоғамға қауіптілігі де салыстырмалы түрде жоғары емес. Бірақ бұл жағдай барлық елде біркелкі жүрмейді, ол түрлі факторларға тәуелді екенін көріп отырмыз.

Бірінші фактор – соғыс жағдайы. Украина заңнамасында мемлекеттік рәміздерге қатысты жауапкершілік жоғары. Құқық бұзушылықтың құрамдары мен оларға белгіленетін жаза түрлері де көп.

Екінші фактор – деколонизациялық процесс. Осы кезеңде мемлекеттік рәміздер сезімтал тақырыпқа айналып, қоғамда тұрақты түрде резонанс тудырып отырады. Посткеңестік елдерге, соның ішінде Қазақстанға да таныс жағдай.

Үшінші фактор – мемлекеттердің даму деңгейі. Дамушы елдермен салыстырғанда дамыған елдерде мемлекеттік рәміздердің қорғалу жайы жиі көтерілмейді және жазалау саясаты да жұмсақтау келеді. Бұдан орта тапты қалыптастырудың егемендік туралы көңіл күйге де жағымды әсер ететінін байқаймыз. Қоғамның да, мемлекеттің де құқықтық иммунитеті мен сенімі күшті.

Осы айтылғандардан шығатын қорытынды: мемлекеттік рәміздерге қатысты отандық жаза саясаты «жұмсақ» пен «қаттының» арасында болуы тиіс.

Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!

Ашып айтсақ, мемлекеттік рәміздердің құтты болуы дегеніміз:

– соғысы жоқ ел;

– орта тап өкілдері қоғамның басым көпшілігін құрайтын ел (70 пайыздан асатын байлық 167 адамның ғана қолында болмауы тиіс);

– билік органдарының егемендігі (әсіресе парламентаризм) дамыған мемлекет.

Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,

заң ғылымының кандидаты,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

 

 

Ұрпаққа мұра болар бағалы руханият

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – еліміздің тәуелсіздік символы. Қақ ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран біздің терең тарихымызға ой салады. Қазақ халқы дәл сол қыран құстай ғасырлар бойы еркін, мықты әрі батыл болған. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек біздің өз мәдениетімізді, өнерімізді құрметтеу нышаны. Туымыз тек биіктен көрініп, барша әлемге танымал болғай!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген. Шаңырақ – қазақ халқы үшін киелі зат, себебі аспан мен киіз үй арасын жалғайтын бөлік болып саналған. Сол шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі өз бойына уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол мәңгілік өмір үлгісі және біздің елтаңбамызда шексіз даму, рухани байлық және Қазақстанда бір шаңырақ астында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың әртүрлілігін бейнелеп тұрады. Дәл осындай терең мағынасы мен тарихы бар ұлттық рәміздеріміз мәңгі болсын! Жастарға, келешек ұрпаққа мұра болып қалатын бағалы руханиятымыз. Ұлттық рәміздер күні құтты болсын!

 Әлия АҚТЫМБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі