Жаңалықтар

ҚазҰУ кітапханасында Мемлекеттік рәміздерге қатысты 70-ке жуық кітап сақтаулы

4-мау-23

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай, еліміздің Әнұраны, Елтаңбасы мен Туына арналған әдебиеттер мен мақалалар және олардың авторларының еңбектері туралы библиографиялық тізім дайындады. 

Кітапханашылар тізімді жасау барысында Әл-Фараби кітапханасы қорындағы әдебиеттер мен баспасөз беттеріне шыққан мақалаларды негізге алды. Бұл материалдар әр жылдары қазақ және орыс тілдерінде жарияланған.

Бүгінгі таңда кітапхана қорында Мемлекеттік рәміздерге қатысты 70-ке жуық кітап сақталған, ал ұсынылған мақалалар саны 250-ге жуық. 

Тізім «Мемлекеттік рәміздер туралы еңбектер»;  «Мемлекеттік рәміздер авторларының еңбектері»,  «ҚР Мемлекеттік елтаңба авторы – белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков еңбектері»,  «Мемлекеттік Әнұран сөзінің авторы Жұмекен Нәжімеденов еңбектері»,«Мемлекеттік Әнұран әнінің авторы Шәмші Қалдаяқов еңбектері»,  «ҚР Мемлекеттік елтаңба авторы Шот-Аман Уәлиханов еңбектері» атты бөлімдерге бөлінген.

Мемлекеттік рәміздер.pdf

Рәміздер авторларының кітаптары.pdf

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі