- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Су сапасын жақсарту әдістері ұсынылды
05.06.2023ҚазҰУ-дың Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының студенттері, магистранттары мен оқытушылары сумен жабдықтау және санитария саласындағы экологиялық реттеу және бақылау тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырып, Дүниежүзілік су ресурстары күнін атап өтті.
Іс-шараның мақсаты – халықтың сапалы ауызсуға қол жеткізу проблемаларын және Қазақстанның барлық өңірлерін сумен жабдықтаудың күрделілігін, Тұрақты дамудың алтыншы мақсаты – таза су және санитарияға қол жеткізу жолдарын талқылау.
Айтулы іс-шараға Алматы қалалық экология және қоршаған орта басқармасы, Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясы және «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының өкілдері қатысып, еліміздің су ресурстарының қазіргі жай-күйін, суды үнемдеу жүйесі мемлекеттік мекемелердің міндеттерін және өткізілген іс-шаралардың қорытындыларын баяндады. Сондай-ақ қонақтар студенттермен өз қызметі саласындағы жеке жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Білім алушылар Қазақстанның трансшекаралық су бассейнін пайдалану бойынша Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен халықаралық суларды бірлесіп пайдалану және қорғау жөнінде келісімдер қабылданғаны жайында ақпарат алды.
Қазіргі таңда ҚР су қорының экологиялық жағдайы маңызды мәселелердің бірі болып тұр. «Қазгидрометтің» мәліметінше, 2022 жылы ластанудың ең жоғары көрсеткіштерін көрсеткен су пайдаланудың барлық түрлеріне жарамсыз 20 су нысаны анықталды. Оның ішінде: Катта-бугунь, Тобыл, Абақан, Желқуар, Ақбұлақ, Сарыбұлақ, Нұра, Ақсу, Талас, Аса, Қара Кеңгір, Соқыр, Шерубайнұра өзендері, Жоғарғы Тобыл, Амангелді, Шортанды, Тасөткел суқоймалары.
ҚР жерүсті су объектілерінің негізгі ластаушылары тұз құрамының негізгі иондары (магний, хлоридтер, кальций, сульфаттар), биогенді және органикалық қосылыстар (аммоний-ион, жалпы фосфор, фосфаттар, жалпы темір), ауыр металдар (кадмий, марганец, никель, мыс, мырыш), фенолдар және жүзгін заттар болып табылады. Осы көрсеткіштер бойынша сапа нормативтерінің артуы табиғи-климаттық және антропогендік факторларға, тарихи ластануларға, әртүрлі шаруашылық бағыттағы кәсіпорындар мен коммуналдық кәсіпорындардың сарқынды суларының төгілуіне және т.б. байланысты.
Халықты ауызсумен жабдықтау мәселесіне келетін болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету 96 пайызды құрады, оның ішінде қалаларда – 98,1 пайыз, ауылдарда – 93 пайыз.
Семинарға қатысушылар сондай-ақ Гази университеті (Анкара қ., Түркия) инженерлік факультетінің профессоры Осман Нури Өздемирдің онлайн форматтағы баяндамасын тыңдады. Онда түрік ғалымдары әзірлеген су сапасын жақсарту әдістері ұсынылды. Профессор суды тазарту әдістерінің нәтижелерімен бөлісті. Ал қазақстандық Жану проблемалары институтының ғалымдары өз тұтынушыларын көміртекті сорбенттерге негізделген озонатор, сүзгілермен таныстырды.
Іс-шара су тақырыбына арналған викторинамен аяқталды.
Қорлан ХАМИТОВА,
аға оқытушы
Назерке МЫРЗАХАНОВА,
магистрант